Мәжіліс спикері Армения елшісін қабылдады
АСТАНА. 7 ақпан. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин Арменияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Василий Казарянды қабылдады.
Кездесу барысында Қазақстан мен Армения арасындағы жан-жақты ықпалдастықтың тұрақтылығы мен дәйектілігіне ерекше назар аударылды. Бұл ретте тараптар барлық саладағы әріптестік және ТМД, ҰҚШҰ, БҰҰ сияқты халықаралық және аймақтық ұйымдар аясындағы байланыс екі ел үшін де айтарлықтай маңызды екендігіне тоқталып өтті.
Өз кезегінде Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан халықаралық жобалар туралы айта келіп, Елбасының әлемдік өркениет жолындағы ғаламдық ізденістерге қосқан зор үлесін баса атап өтті. Сондай жобалардың бірі, Президенттің ұсынысы бойынша VI Астана экономикалық форумы аясында өткізу жоспарланып отырған, бүкіл әлемдік дағдарысқа қарсы конференция. Сондай-ақ, ортақ пікір бойынша, екі ел әріптестігінің маңызды бөлігі саналатын парламентаралық ынтымақтастық мәселесі де жеке әңгіме арқауы болды. Бұл жерде тараптар Қазақстан мен Арменияның Жоғары заң шығарушы органдары арасындағы байланысты нығайту жолдарын талқылай келіп, түрлі бағыттар бойынша тәжірибе алмасуға баса назар аударды. Ол үшін ең алдымен, фракциялар мен комитеттер арасындағы қатынастарды жолға қою қажет.
Тоқтала кететін жайт, Парламент Мәжілісінде Армения Республикасымен Ынтымақтастық жөнінде, құрамына 24 депутат кіретін топ жұмыс істейді. Сонымен қатар, ТМД Парламентаралық Ассамблеясы және ҰҚШҰ бойынша да тығыз ынтымақтастық орнаған.
Нұрлан Нығматулин мен Василий Казарян екі елдің, соның ішінде, парламент өкілдері арасындағы қарым-қатынастың одан әрі дами беретініне сенім білдірді.