Мәжіліс спикері О. Мұхамеджанов Әзірбайжан Меджилисінің төрағасы бастаған делегацияны қабылдады

АСТАНА. 27 сәуір. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов Әзірбайжан Республикасы Милли Меджлисінің төрағасы Оқтай Асадов бастаған делегацияны қабылдады. Естеріңізге сала кетейік, әзірбайжандық парламентшілер ертең Астанада өтетін Түркі тілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясының (ТүркПА) ІІ жалпы отырысының жұмысына қатысады.
None
None

«Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаттары үшін сіздерді елордада қабылдау зор мәртебе. Мен біздің достас мемлекеттің жоғары делегациясын қабылдағаныма қуаныштымын. Қазақстан Әзірбайжан елін Кавказдағы негізгі әріптес мемлекет деп біледі. Біздің мемлекет басшыларымыз да бұған жоғары көңіл бөлетіні белгілі. Мәселен, тек өткен 2010 жылдың өзінде ғана Қазақстан мен Әзірбайжан елдерінің Мемлекет басшылары 5 мәрте кездесу өткізген. Биыл да бұндай жоғары деңгейдегі кездесулер аз болмайды деп сенемін», - деді жүздесу барысында О. Мұхамаджанов. Сонымен қатар, Мәжіліс Төрағасы екі елдің өзара қарым қатынасы қарқынды дамып отырғанын айтып, ғаламдық қаржы дағдарысы экономикалық алыс-берісте біршама әсер еткенін, дегенмен соңғы уақытта бұл үдеріс қалпына келе бастағанын айтып өтті. Мәселен, былтырғы жылы Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы сауда айналымы 500 млн. долларға жеткен. Алдағы уақытта экономика, энергетика салалары бойынша жобаларды жүзеге асыру мәселелері де қарастырылған. Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық та өз деңгейінде дамып жатыр.

Өз кезегінде әзірбайжандық делегация басшысы бауырластық қарым қатынастың одан сайын тереңдей түсетініне сенім білдірді. «Қазақ пен әзірбайжан қарым қатынасының тамыры тереңде. Мәдениетіміз, дініміз бір. Түркі тілдес елдер аясындағы байланыс та біздің елдерімізді жақындастыра түседі», - деді Оқтай Асадов.

Соңғы жаңалықтар