Мәжіліс Төрағасы О. Мұхамеджанов Башқұртстан Құрылтайы төрағасы бастаған делегацияны қабылдады
АНА. 17 наурыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов РФ Башқұртстан Республикасының Мемлекеттік жиыны - Құрылтай төрағасы Константин Толкачев бастаған делегацияны қабылдады.
Сөз басында жүздесудің қазақ пен башқұрт халқының ортақ тойлайтын Наурыз мейрамы қарсаңында өткізіліп отырғанын еске салған Мәжіліс спикері, Ұлыстың ұлы күнімен қонақтарды құттықтады. «Сіздерді шығыс халықтарының мейрамы Наурыз мерекесімен құттықтаймын. Қазақстан бұл төл мерекемен қайта қауышқанына 20 жылдан аса уақыт өтті әрі бүгінгі күні Ұлыстың ұлы күні еліміздің ең қастерлі мерекесіне айналып келеді. Заңға арнайы өзгерістер енгізу арқылы Наурыз мейрамына үш күнгі демалысты белгіледік», - деді Орал Мұхамеджанов.
Сонымен қатар Палата Төрағасы еліміз үшін аса маңызды саяси мәселе болып табылатын сайлау науқанына да тоқталып өтті. Спикердің айтуынша, аталған шараға халықаралық миссиялар белсенді араласатын болады. «Сайлауға қатысты ашықтық қамтылып отыр. Қазіргі таңда Конституция мен сайлау заңнамасына сәйкес, әділ әрі шынайы күрес жүріп жатыр. Сонымен қатар, халықаралық байқаушылар да белсенділік танытып отыр. Мәселен, бастапқы кезеңде ЕҚЫҰ мен басқа да ұйымдардан 436 адам байқаушы ретінде келуге ниет білдірген», - деді О. Мұхамеджанов.
Жүздесу барысында мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық байланыстар, парламентаралық тәжірибе алмасулар жайы да сөз болды. Қазақстанның Башқұртстан Республикасымен өзара тиімді сауда-экономикалық байланыстың орнағаны аталып өтілді.