Мәжіліс Төрағасы Солтүстік Қазақстан облысында сайлаушылармен кездесуде

Палата жетекшісінің өңірдегі сапары Абылай хан Резиденциясына барудан бастау алды. Бұдан соң Төраға Мәжіліс депутаттары Иван Чиркалин, Раиса Полищук, Петр Дмитриенко, Ромин Мәдинов және Жарасбай Сүлейменовтермен бірге «Нұр Отан» ХДП Солтүстік Қазақстан облыстық филиалында болып, азаматтарды қабылдады, облыстың жетекшілерімен кездесу өткізді.
Іссапар бағдарламасында Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысады. Мәжіліс Төрағасы «ЗИКСТО» акционерлік қоғамына барады, облыстық перинатальді орталықта болады, «Жол картасы» бағдарламасы шеңберінде мамандарды қайта даярлайтын Солтүстік Қазақстан кәсіби-педагогикалық колледжінің ұжымымен кездеседі және Қазақстан халықтарының кіші ассамблеясының қызметімен танысады.
Мамлют ауданында жалғасын табатын іссапар барысында Мәжіліс Төрағасы ұн өңдеу комбинатында, қазақ мектеп-интернатында, «Нұр Отан» ХДП Мамлют аудандық филиалында болады. Мамлют ауданы активімен кездеседі, сонымен қатар «Якорь Агро» ЖШС, «Якорь Агро» ЖШС сүт фермасы, «Алекри» ЖШС, «Чепурной» шаруа қожалығы секілді азық-түлік өнімдерін шығаратын өндіріс орындарында болып, олардың жұмысымен танысатыны көзделуде.
Сайлаушылармен кездесу аясында Мәжіліс Төрағасы Аққайың және Тайынша аудандарында болатыны қарастырылған. Атап айтқанда, Аққайың ауданының Аралағаш орта мектебіне және «UNIVILL» ЖШС ет комбинатына барады. Ал Тайынша ауданында орталық аудандық ауруханасында және «Нұр Отан» ХДП филиалында болатыны жаспарланған.
Осы іссапар барысында Мәжіліс Төрағасының білім беру ісі қызметкерлерінің тамыз конференциясына қатысатыны көзделіп отыр.