Мәжілісте ЕАЭО аясында кредит бойынша мәліметтермен трансшекаралық алмасуға қатысты құжат қабылданды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде кредиттік тарихтың құрамына кіретін мәліметтер алмасу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл құжат ҚР Үкіметінің №813 қаулысына сәйкес, 2022 жылғы 12 қазанда Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізілді. Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде кредит тарихының құрамына кіретін мәліметтерді алмасу тәртібі туралы келісім 2021 жылғы 21 желтоқсанда Мәскеу қаласында бекітілді.

Келісім кредит тарихының құрамына кіретін мәліметтерді алмасу тетігін, тәртібі мен шарттарын айқындайды. Бір жағынан, басқа мүше мемлекеттердің аумақтарындағы банктерге кредиттік ресурстар үшін жүгінген кезде ЕАЭО-ға мүше барлық мемлекеттің резиденттері үшін тең жағдайлар жасауға және екінші жағынан, банктер үшін басқа мүше мемлекеттердің резиденттеріне несие беру туралы шешімдер қабылдау кезінде тәуекелдерді сапалы бағалау мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл өз кезегінде ЕАЭО аясында трансшекаралық кредит беруді дамытуға ықпал ететін болады.

«Келісім Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2019 жылғы 1 қазандағы шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ қаржы нарығын қалыптастыру тұжырымдамасын іске асыру аясында әзірленді. Келісімнің мақсаты – Еуразиялық экономикалық одақ аясында кредитке қатысты мәліметтерімен трансшекаралық алмасу үшін жағдай жасау. Келісім кредит бойынша есептермен трансшекаралық алмасу тәртібін және берілетін ақпараттың тізбесін айқындайды», - деді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова.

Оның айтуынша, келісім талаптары аясында кредит есептері бойынша трансшекаралық мәлімет алмасу міндетті түрде жеке немесе заңды тұлғаның келісімімен жүзеге асырылады. Бұл ретте осындай ақпарат кредитке қатысты қатынастарды ресімдеу немесе мониторинг жүргізу мақсатында ғана беріледі.

Аталған деректермен трансшекаралық алмасу үшін уәкілетті ұйымдар бір-бірімен тиісті шарттар жасауы тиіс. Мұндай шарттарда ақпараттық өзара іс-қимыл регламенті, берілетін деректер құрамы, электрондық мәліметтер форматы, сондай-ақ дауларды реттеу рәсімі болуы тиіс. Бұл шарттар міндетті түрде қаржы нарығын реттеушілермен келісілуі тиіс. Бұдан басқа, қаржы нарығының реттеушілері кредит тарихы туралы мәліметті пайдаланушылардың тізбесін, яғни кредит бойынша есептерді алуға уәкілетті банктердің және өзге де ұйымдардың тізімін қалыптастырады.

«Келісімде уәкілетті ұйымдардың және кредитке қатысты деректерді пайдаланушылардың мәліметті трансшекаралық алмасуы аясында ақпаратты қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі міндеті белгіленген. Еуразиялық экономикалық комиссия қаржы нарығын реттеушілермен бірлесіп трансшекаралық алмасу кезінде пайдаланылатын стандарттарға, техникалық хаттамаларға, нормативтік-анықтамалық ақпаратқа, берілетін деректердің форматтары мен құрылымдарына қойылатын талаптарды әзірлеуі тиіс», - деді агенттік басшысы.

Былтыр Келісім Арменияда, Беларусьте және Қырғызстанда ратификациялау процесінен өтті.

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте мәліметтерді трансшекаралық алмасу кезінде заңнама талаптарын бұзғаны үшін кредиттік бюролар мен кредиттік есептерді алушылардың әкімшілік жауапкершілігін қарастыру ұсынылды», - деді Мәдина Әбілқасымова.


Соңғы жаңалықтар