Мәжіліс әкелердің жас балаға күтім жасаған кезін еңбек өтіліне қоспақ

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысы өтіп, онда депутаттар бірқатар заң жобасын талқыға салады.

Әкелердің бала бағуын заңдастыру
Фото: Kazinform / Freepik

14 қарашада Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен бюро отырысы өтіп, жалпы отырыстың күн тәртібінің жобасы нақтыланған болатын. Соған сәйкес, бірінші оқылымда депутаттардың бастамасымен әзірленген қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіруге және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғауға бағытталған заң жобаларын қарау ұсынылады.

Құжатта Еңбек және Әлеуметтік кодекстерге, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске өзгеріс енгізіледі. Еңбек кодексіне енгізілген түзетулерде еңбек жөніндегі уәкілетті органның өкілеттігін кеңейту, жалақы төлеу және келісу комиссияларының жұмысы туралы нормаларды жетілдіру, сондай-ақ еңбек қызметінің белгілері болған кезде азаматтық-құқықтық шарттар жасасуға тыйым салу қарастырылған.

Ерлан Қошанов
Фото: Мәжіліс

Әлеуметтік кодексте жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде әкелердің жас балаларға күтім жасау кезінде жұмыс істемеген уақытын еңбек өтіліне қосу ұсынылады.

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексте өндірістік жарақаттың ауырлық дәрежесін айқындау тәртібі нақтыланады.

Сондай-ақ депутаттар екінші оқылымда сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларына сәйкес келтіру мақсатымен әзірленген заңнамалық жаңашылдықтарды қарайды.

Жалпы отырыстың күн тәртібінің жобасына жоғары білім беру саласындағы біліктілікті тану туралы Азия-Тынық мұхиты өңірлік конвенциясын ратификациялау туралы заң жобасы да енгізілді. Бұл құжат академиялық және кәсіби ұтқырлықты кеңейтуге, дипломдарды, дәрежелерді және өзге де біліктіліктерді тануды жеңілдетуге, сондай-ақ оларды бағалау кезінде ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Айта кетейік, 2025 жылғы 8 шілдеде Қазақстан Үкіметі Токио конвенциясы ретінде белгілі Жоғары білім берудегі біліктілікті тану туралы Азия-Тынық мұхиты өңірлік конвенциясын ратификациялау туралы қаулыны бекітті. Бұл қадам еліміздің халықаралық білім кеңістігіндегі позициясын нығайтып, студенттер, оқытушылар мен жоғары оқу орындары үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Конвенция 2011 жылы Токиода ЮНЕСКО-ның қамқорлығымен қабылданып, 2018 жылы күшіне енді. Оның негізгі мақсаты - Азия-Тынық мұхиты аймағындағы елдер арасында дипломдарды, ғылыми дәрежелер мен біліктіліктерді өзара тануды қамтамасыз ету үшін келісілген құқықтық және ұйымдастырушылық механизмді құру.

Қайтарылған активтерді басқаратын компанияны құру туралы Үкімет қаулысы шықты
Фото: freepik.com

Құжат қатысушы елдердің білім беру жүйесіндегі ашықтық пен сенім жағдайында шетелдік біліктіліктерді танудың ортақ тәсілдерін бекітеді. Келісім академиялық ұтқырлықты жеңілдетуге, университеттерге оңай түсуге және шетелде жұмысқа орналасуға жағдай жасауға көмектеседі. Ол шетелдік білім беру жүйелері туралы объективті ақпарат беретін ұлттық ақпараттық орталықтарды дамытуды көздейді. 

Сондай-ақ, конвенцияның ауқымы заманауи оқыту форматтарын, соның ішінде қашықтықтан және онлайн бағдарламаларын қамтиды. Соның нәтижесінде білім беру стандарттары жақындасып, жоғары білім берудегі ұзақ мерзімді ынтымақтастық нығая түсті.

Қазақстан үшін Токио конвенциясына қосылудың стратегиялық маңызы зор. Ол білім берудегі сенімді және жауапты серіктес ретінде еліміздің халықаралық беделін нығайтады, халықаралық сапа стандарттарына сәйкес келуге ұмтылысын растайды және ғылымды дамыту, академиялық алмасу және бәсекеге қабілетті кадрларды даярлау үшін жаңа көкжиектерді ашады.

Мұнан бөлек, депутаттар 1996 жылғы 16 қаңтардағы Иран Ислам Республикасының Үкiметiмен арадағы қосарланған салықты болдырмау және салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы келiсiмге өзгертулер енгізілген хаттаманы ратификациялау туралы жаңа заң жобасын жұмысқа алады.

Екатерина Смышляева
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Естеріңізге сала кетсек, Мәжіліс Цифрлық кодекс жобасы мен екі бірдей ілеспе заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжаттарды Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Екатерина Смышляева таныстырды.

- Цифрлық деректер айналымының құқықтық режимі енгізіледі. Жазбалар түріндегі цифрлық деректер алғаш рет құқық объектісі ретінде танылғалы отыр. Бұл дегеніміз, деректер экономикалық құндылыққа ие болып, азаматтық негіздегі айналымға қатыса алады, — деді депутат.

Кодекс жобасында қолданыстағы электронды құжаттарды заң тілінде үш топқа бөлу көзделіп отыр.

Біріншісі — электронды құжаттар. Оған тек ЭЦҚ қойылған құжаттар жатады және қағаз нұсқамен теңестіріледі. 

Екіншісі — цифрлық құжаттар. Бұл мемлекеттік базалардан автоматты түрде жүктеуге болатын, көрсетілген сәтінде түпнұсқа болып саналатын түрлі анықтамалардың құқықтық атауы деуге болады.

Үшіншісі — цифрлық мәліметтер. ЖСН арқылы ІІМ базасынан алынған азамат туралы дерек, не болмаса жылжымайтын мүлік реестріндегі жазбалар осы цифрлық мәліметтерге жатқызылмақ. 

Сондай-ақ, заңнамаға «цифрлық делдал» ұғымы да енгізілуі мүмкін. Бұл ұғымдарды заңнамаға енгізу арқылы Yandex Go, Glovo, Chocofood сияқты еңбек платформаларының, Kaspi, Wildberries, OZON сияқты маркетплейстердің, booking, krisha.kz қызмет агрегаторларының, мемлекеттік цифрлық сервистердің жауапкершілігі мен жұмыс тәртібін нақты белгілеуге жол ашады.

Мұнан бөлек, Мәжіліс пайдалы қазба кенішін барлауға өтініш беру тәртібін оңтайландыратын заң жобасын мақұлдады.

ШАРХАН Иран Шарханович
Фото: primeminister.kz

Құжатты таныстырған Өнеркәсіп және құрылыс министрінің орынбасары Иран Шарханның айтуынша, кен бар деп болжанған учаскені барлауға өтінім беру процесі қысқартылмақ. Қазір «бірінші өтінім» қағидаты бар болғанмен зерттеу рұқсатын беру үшін екі кезеңде жүзеге асады. Бірінші кезеңде мемлекет зерттеуге жататын учаскелерді іріктейді. Екінші кезеңде іріктеп алынған учаскелерге өтінім берген компаниялардың ұсыныстары бағаланып, олардың дайындық деңгейі, тәжірибесі, қаржылық мүмкіндігі тексеріледі. Осыдан кейін ғана ең лайық деген компанияға лицензия беріледі. Ұсынылып отырған норма осы тәртіпті жойып, өтінішті Бірыңғай платформаға тікелей беретіндей мүмкіндік ұсынуға арналып отыр.

Депутаттар мақұлдаған келесі заң жобасы креативті индустрияны дамытуға арналған.

Ерлан Стамбеков
Фото: stambekov.kz

Депутат Ерлан Стамбековтің сөзіне қарағанда, заң жобасы шығармашылық саланы заң жүзінде қолдауға және оның құқықтық негізін күшейтуге арналған.

— Облыс, қала және аудан әкімдері өңірлік креативті кластерлерді дамытуға, инфрақұрылым жасауға және қолдау бағдарламаларын іске асыруға жауапты болады. Осы нормалар арқылы креативті индустрияны құқықтық тұрғыдан қорғауға алып, жобаларды бағалау және инвестиция тарту арқылы саланы тұрақты дамыту көзделіп отыр. Бұл заң жобасы қабылданса, Қазақстанда шығармашылық салаға құқықтық негізде қолдау көрсетудің жаңа дәуірі басталады, — деді Ерлан Стамбеков.

Мұнан бөлек, палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру, отбасы және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына Сенат енгізген түзетулермен келісті.

Заң мәдениет, білім беру, отбасы және мемлекеттік бақылау салаларын реттеудің нормативтік негізін тұжырымдамалық тұрғыдан өзектендіруге мүмкіндік береді және ұлттық заңнама мен оның құқық қолдану практикасын одан әрі жетілдіруге ықпал етеді.

Балабақшадағы тақпақтан романдарға дейін әділдікті насихаттауы керек — Ринат Зайытов
Фото: ҚР Парламентінің Мәжілісі

- Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті аталған заңның жекелеген баптарына Парламент Сенаты енгізген толықтыруларды қарап шығып, мыналарды атап өтеді. Сенат Мәжіліс депутаттарының фонограмманы пайдалануды шектеу жөніндегі бастамасының мазмұны мен мақсатын қолдай отырып, сенаторлар осы нормаға редакциялық түзету енгізді. Сонымен қатар, «Құқықтық актілер туралы» ҚР Заңының талаптарын орындау мақсатында Сенат депутаттары балаларға арналған ұйымдарды мемлекеттік бақылаудың ерекше тәртібін белгілейтін нормаларды қолданысқа енгізу мерзімін түзетті. Ұсынған өзгерістер мен толықтырулар Парламент Мәжілісі қабылдаған заңның тұжырымдамасын өзгертпейді және оның мазмұнын әлсіретпейді. Осы орайда Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті Парламент Сенаты жаңа редакцияда енгізген аталған заңның жекелеген баптарындағы толықтырулармен келісуді ұсынады, — деді Мәжіліс депутаты Ринат Зайыт.

Сонымен қатар депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңын екінші оқылымда қарап, қабылдады.

Бұл құжатта балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау мақсатында жария кеңістікте, сондай-ақ масс-медианы, телекоммуникация желілерін немесе онлайн-платформаларды пайдалана отырып, педофилияны және дәстүрлі емес сексуалдық бағдарды насихаттайтын ақпаратты орналастыруды шектеу жөніндегі нормалар көзделген.

— Балалар мен жасөспірімдерді цифрлық кеңістіктегі жағымсыз контенттен қорғау туралы қоғамның алаңдауын ескере отырып, заң жобасына қоғамдық кеңістікте педофилия мен дәстүрлі емес жыныстық бағдарды насихаттауға тыйым салатын түзетулер енгізілді. Балалар мен жасөспірімдердің отбасы, имандылық және болашақ туралы түсінігіне кері әсерін тигізетін ақпаратты күн сайын желіде кездестіретінін байқап отырмыз. Жас ұрпақты заңсыз контенттен қорғау — олардың қауіпсіздігі мен психикалық денсаулығының мәселесі, — деді Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев.