Мәжіліс ауыл әкімдіктерінің бюджетін арттыратын заңды қарастырып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Президент ауыл әкімдерінің өкілеттілігін күшейту бойынша заңға өзгерістер енгізу туралы тапсырма берді. Сол тапсырма аясында әкімдіктерге қандай мүмкіндік беру керек? Олардың мәртебесін көтеру үшін не істеу қажет? Жақында өткен Ауыл әкімдері форумының нәтижесі қандай? Бұл сұрақтарға Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескендіров жауап берді.
Мәжіліс депутаты ауыл әкімдері айтатын ең басты мәселе — бөлінетін қаржының аздығы екенін атап өтті.

— Біз қазір Мәжілісте «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға өзгерістерді енгізуді қарастырып жатырмыз. Мен сол жұмыс тобының басшысымын. Әзірге жұмыс тобының екі отырысы өтті, депуттаттар тарапынан, өкілетті органдардан, министрліктен көптеген ұсыныстар келіп жатыр. Екі отырыстың өзінде Экономика министрлігімен салықтарды ауылда көбірек қалдыруды талқылап, Үкімет қорытындысына жібердік. Үкімет қорытындысы шыққан соң, нақты нәтижелерін айта аламыз, — деді М. Ескендіров Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында.
Сонымен бірге, Мәжіліс депутаты ауылға қызмет ететін дәнекерлеуші, механизатор секілді жұмысшы мамандарға арнайы штаттық орындар қарастырылмағанын көтерді. Жаңа заң аясында ауылдарда мамандар санын көбейту де қарастырылған.

— Ауыл әкімдерінің мәртебесін арттыруды Педагогтер мәртебесімен шатастырмау керек. Бір ғана ауылға бөлінетін қаражат мәселесі шешілсе, соның өзі үлкен көмек болады. Әрине, «Родина» секілді мақтан тұтарлық, тірек ауылдар бар. Әйтсе де көптеген ауылдар әлі де шашылып жатыр, ауылдың әкімдеріне істейтін жұмыс көп. Еліміздің түрлі өңірінде небір ауылдарды көріп жүрміз, не тазалық жоқ, не ағаш егілмеген. Сондықтан, әкім сайланған соң, ең бірінші ауылды тазалап алу керек шығар, — дейді депутат.
Еске сала кетсек, 28 қарашада Астанада ауыл әкімдерінің форумы өтті.
Онда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерінің диалог-платформасында ауыл әкімдерінің өкілеттігін күшейту керек екенін айтты.