Мәжіліс депутаттары Оралда үйі суға кеткен тұрғындардың өтініш-тілегіне құлақ түрді

ОРАЛ. KAZINFORM — Мәжіліс депутаттары Еділ Жаңбыршин, Нартай Сәрсенғалиев, Ринат Зайытов және Абзал Құспан Орал қаласында тасқын суға қарсы күрес барысымен танысты.

Орал қаласы
Фото: "AMANAT" партиясы БҚОФ баспасөз қызметінен

Депутаттар алдымен облыстық жедел штабқа ат басын бұрды. Онда облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов қазіргі жағдаймен таныстырды. 

Оның сөзіне қарағанда, Орынборда су деңгейі жоғары шегіне жетті. Ол су Оралға 5-6 күнде келеді деп болжанып отыр. Сондықтан Жайық өзені бойында орналасқан 84 елді мекен мен Орал қаласында бұдан он күн бұрын бөгеттерді бекіту жұмыстары басталды. 

«Бөгеттерді көтеруге 300-ден астам техника тартылды. Оған қоса Үкімет шешімімен Алматы қаласы мен облысынан, Түркістан, Қызылорда, Қарағанды, Павлодар, Ақтөбе, Қостанайдан жалпы саны 750 техника келуі керек. Бұл техникалар төрт аудан мен Орал қаласына бөлінеді. Олардың алды жұмысқа кірісіп кетті. Бөгеттер тасқын кезінде үш-төрт күнге шыдауы керек. Сол себепті оның биіктігін де, енін де үлкейтіп жатырмыз. Мамандардың болжамына қарағанда, су деңгейі 970-980 сантиметрге (қауіпті шегі – 850 см) жетуі ықтимал. Осының бәрін ескере отырып, бөгеттердің биіктігін 12-13 метрге дейін жеткізбекшіміз. Өзге өңірлерден ҚР ТЖ министрлігінен – 626, ҚР Қорғаныс министрлігінен – 568, Ұлттық ұланнан 836 сарбаз келді. Өзіміздің күштерді қосқанда, 5 553 адам жұмыс істеп жатыр, - деді Қ.Айтмұхамбетов. 

Су тасқыны
Фото: "AMANAT" партиясы БҚОФ баспасөз қызметінен

Мәжілісмендер Зачаган кенті Коминтерн ауылында Жайық жағалауын бекіту жұмыстарымен танысқаннан кейін қаладағы сервис және жаңа технологиялар колледжінің жатақханасында орналасқан тұрғындармен кездесті. 

Су мәселесі
Фото: "AMANAT" партиясы БҚОФ баспасөз қызметінен

Колледж директоры Алмагүл Қыдырғожинаның айтуынша, жатақханадағы эвакуациялық пункт 100 орынға есептелсе, мұнда 95 адам тұрып жатыр. 

«Колледж студенттері қашықтан оқуға жіберілді. Тұрғындар отбасыларымен бөлмелерде тұрып жатыр. Оларға әкелінген дайын тамақты таратып береміз. Сондай-ақ медициналық пунктте дәрігер, медбикелер кезекшілік етеді», - деді А.Қыдырғожина. 

Орал
Фото: "AMANAT" партиясы БҚОФ баспасөз қызметінен

Алтынбай Аманғалиев Жайық өзені жайылмасында орналасқан «Нұрлы жол» бау-бақша серіктестігінде тұрған екен.

«9 сәуір күні тасқын су бөгетті бұзып кетті. Содан алдымен облыстық жоғары спорттық шеберлігі мектебі ғимаратына келдік. Оларға да ризамыз. Отбасымда бес адам бар. Бүгін колледж жатақханасына орналасып жатырмыз. Жағдайымыз жасалған, бәрі жеткілікті, тек енді су кеткеннен кейін үйімізді қалпына келтіруге көмектессе дейміз», - деді А.Аманғалиев. 

Бұған қатысты Мәжіліс депутаты Абзал Құспан саяжай үйлерінің мәселесі бөлек қарастырылуы керектігін атап өтті.

«Егер саяжай үйлерін қайтадан суға кететін жерлерге, яғни өзен жайылмаларына салынса, онда қаржы желге ұшуы мүмкін. Мұның әмбебап шешімі жоқ әзірге, ойластыру керек. Болжамдарға қарағанда, алдағы уақытта су тасқыны жиілейді. Әлемде жылыну үрдісі жүріп жатыр, Ресей тарапы суды ұстап тұра алмаймыз деп айтып жатыр. Бірақ қалай болғанда да, Президент мәлім еткеніндей, ешкім көмексіз қалмайды. Біз әлі осында боламыз. Комиссиялар міндетті түрде депутаттардың қатысуымен мәселелерді шешуі керек», - деді А.Құспан. 

Орал
Фото: Ғайсағали Сейтақ

Сондай-ақ Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин шығынға ұшыраған ауыл шаруашылығы малдарына қатысты залалды өтеу тетігі де заңдастырылып жатқанын жеткізді.  Мәжілісмендер «AMANAT» партиясы БҚО филиалы ғимаратында саяжай тұрғындарымен кездесіп, олардың талап-тілектеріне құлақ түрді.

Орал
Фото: Ғайсағали Сейтақ

Жиында саяжай мәселелерін заңнамалық тұрғыдан шешу қажеттігі айтылды. Мысалы, саяжай үйлерін тек маусымдық бағытта пайдаланып, оны күз түсе, барлық коммуникациядан (газ, электр қуаты) айырып тастаған жағдайда, оның екінші ұшы бар. Яғни, онда басқа тұрғын үйі жоқ адамдар қайда барады, сонымен қатар бау-бақша серіктестігі төрағаларының міндеттерін заңдастыру керектігі де сөз болды. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын су тасқынына байланысты Орал қаласындағы мектептер қашықтан білім беруге көшетінін жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар