Су тасқыны: Орал қаласындағы мектептер қашықтан білім беруге көшеді

Онлайн таълим
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

ОРАЛ. KAZINFORM - Су тасқынына байланысты Орал қаласында барлық мектеп ертеңнен бастап онлайн оқытуға көшеді.

Орал қаласы білім беру бөлімінен мәлім еткеніндей, өңірдегі төтенше жағдай уақытында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында білім беру ұйымдарының педагогикалық кеңесі осындай шешім қабылдады.

«15 сәуірден бастап қала мектептері мен қосымша білім беру ұйымдарында оқу процесі онлайн форматта Bilimland.kz және Daryn.online платформаларында ұйымдастырылады. Оқушыларды техникалық оқыту құралдармен қамту жұмысы ойластырылуда. Ата-аналардан балалардың қауіпсіздігін үнемі қадағалау сұралады. Балабақшалар әзірге штаттық режимде жұмыс жасайды», - деп хабарлады ведомстводан.

БҚО білім басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, Ақжайық, Бәйтерек, Бөрлі, Теректі аудандарының мектептері мен қосымша білім беру ұйымдары және Орал қаласындағы колледждер де онлайн оқиды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жайық өзенінің Орал қаласы тұсындағы деңгейі 755 сантиметрге жеткенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар