Мәжіліс депутаттарына ақпараттық қысым жасаған ЛГБТ өкілдерін жазалау керек — Еділ Жаңбыршин

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Еділ Жаңбыршин ЛГБТ насихатына тыйым салу мәселесін көтерді. Осы орайда ол ҚР Премьер-Министріне және ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасының атына депутаттық сауал жолдады.

Еділ Жаңбыршин
Фото: Мәжіліс

— Кеше ғана әлемдік саясатта елеулі орын алып, бүкіл халықаралық қауымдастықты өзіне қаратқан АҚШ Президентінің ресми ұлықтау рәсімі өтті. Осы күнге дейін әлемнің көптеген елдерінде адам құқығын қорғау, либералдық көзқарасты қалыптастыру мен азаматтық қоғам орнатуды көздеген Құрама штаттарда 47-ші Президент Дональд Трамп бұдан былай екі жынысты бекітті. Яғни АҚШ-та ер мен әйел жынысы заңмен шегеленді. Бұл — ЛГБТ-ға, яғни табиғи жаратылысқа қарсы жынойнақ топтарға енді АҚШ-та заңмен тыйым салынады деген сөз. Бұл жаңалық Батысты өздеріне қорғаушы санап жүрген қызтекелерге төбелерінен жай түскендей болғаны анық. Осы тұста, барлық қызтекелерге «Дядя Дональдтан» жалынды сәлем! Бұл ретте, АҚШ Президентінің шешімі Мәжіліс депутаттарының ЛГБТ-ға қарсы ұстанымымен ұштасты. Өйткені біз Мәжіліске келгелі бері ұлтымыздың болашағына балта шауып жүрген азғын жолмен күресіп келе жатырмыз. Мен білетін Үкіметке кемінде бірнеше нақты депутаттық сауал жолданды, — деді Е. Жаңбыршин.

Бұл ретте ол ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салуды көздейтін арнайы заң нормалары да әзірленгенін еске салды.

— Алайда, осы әрекеттерімізге кейбір шенеуніктер батыс елдері өкілдерінің «демократияны шектеп жатырсыңдар», «адам құқығын таптап жатырсыңдар» деген ұстанымдарын желеу қылып, қарсылық білдірді. Тіпті, ЛГБТ өкілдері және олардың сыбайластары депутат әріптестеріме және олардың отбасыларына әлеуметтік желіде, бұқаралық ақпарат құралдарында жаппай ақпараттық шабуылдар ұйымдастырды. Бірақ бұл күресте біз жалғыз қалған жоқпыз. Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар, жалпы қоғам бізді қолдап, E-petition.kz мемлекеттік платформасында ЛГБТ насихатына қарсы петиция жариялады. Небәрі 2 аптада петиция 50 мың қол жинағанын білеміз. Бұл нені көрсетті?! Бұл ұлттық болмысымызға жат, ЛГБТ ағымына халықтың ашық қарсы екендігін көрсетті. Ал Парламент бірінші кезекте халықтың мүддесін ескеріп, оны нақты заңнамамен іске асыруы тиіс, — деді депутат.

Оның пайымынша, Үкімет тез арада тиісті шараларды қолға алуы қажет. Біріншіден, жоғарыда аталған петиция талаптарын толық қанағаттандыру керек.

— Сонымен қатар, ЛГБТ-ны қолдап, Мәжіліс депутаттарына ақпараттық шабуылдарды ұйымдастырған адамдарды тауып, жазалау қажет, — деді Е. Жаңбыршин.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов ЛГБТ-ны насихаттауға толықтай тыйым салуды талап етті.

Еске салқсақ, былтыр күзде Грузия парламенті ЛГБТ насихатына тыйым салатын заң қабылдады.

Соңғы жаңалықтар