Грузия парламенті ЛГБТ насихатына тыйым салатын заң қабылдады

АСТАНА.KAZINFORM - Грузия парламенті үшінші қорытынды оқылымда «Отбасы құндылықтары және кәмелетке толмағандарды қорғау туралы» заңды мақұлдады, деп жазады NewsGeorgia.

Грузия парламенті ЛГБТ насихатына тыйым салатын заң қабылдады
Фото: newsgeorgia.ge

Заң жобасын 84 депутат қолдаса, оппозиция дауыс беруге қатысқан жоқ. Биліктегі «Грузин арманы» партиясы заңды қарауға енгізді. Ал, оппозиция парламент жұмысына бойкот жариялап, дауыс беруге қатысқан жоқ. 

Ұсынылған түзетулер біржыныстылардың некеге тұруына, біржынысты жұптардың бала асырап алуына және трансгендерлікке көшуге тыйым салуды қарастырады. Дәрігерлерге трансгендерлікке ауысуды жеңілдететін операциялар мен басқа да манипуляцияларды жасауға тыйым салынады. Мұндай рәсімдерді орындау қылмыстық жауапкершілікке, оның ішінде бас бостандығынан айыруға әкеп соғады. Сонымен қатар білім беру ұйымдарында және бұқаралық ақпарат құралдарында біржыныстылардың қарым-қатынасын «таныстыруға» бағытталған ақпаратты жарнамалауға және таратуға тыйым салынады. Сондай-ақ «насихаттауға» бағытталған қоғамдық жиналыстарды (митингілер немесе шерулер) өткізуге тыйым салынады. 

«ЛГБТ насихатына» тыйым салатын заң Еуропалық Одақ тарапынан сынға ұшырады. Еуропалық дипломатияның басшысы Жозеп Боррель Грузия билігін «ЛГБТ насихатына» тыйым салатын заңның күшін жоюға шақырып, бұл елді ЕО-ға кіруден одан әрі алшақтататынын атап көрсетті.

Грузия парламенті адамдардың негізгі құқықтарына нұқсан келтіретін және кемсітушілік пен стигматизацияны күшейтетін «отбасылық құндылықтар және кәмелетке толмағандарды қорғау» туралы заң қабылдады.

«Мен Грузияны елді ЕО-ға өту жолынан одан әрі тайдыратын заңнаманы алып тастауға шақырамын», - деп жазды Боррель X әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Соңғы жаңалықтар