Мәжіліс экономикалық баптарды қылмыстық сипаттан арылту құжатын мақұлдады

Мәжіліс
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық құқық бұзушылықтарды одан әрі қылмыстық сипаттан арылту және заңсыз жолмен алынған кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мен ілеспе құжат бірінші оқылымда мақұлданды.

«Бүгінгі заң жобасы Қазақстанда ыңғайлы бизнес орта қалыптастыру мақсатында әзірленді. Құжат экономикалық қызмет саласындағы қылмыстар бойынша жауапкершілікке тартудың әділ тетігін айқындауды экономикалық құқық бұзу әрекеттерін одан әрі қылмыс санатынан шығару жолымен жүзеге асыру туралы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында бір топ Парламент депуттатарының бастамасымен дайындалды. Сонымен, ұсынылып отырған заң жобасында Қылмыстық кодекстің 4 бабы қылмыс санатынан шығарылып, Қылмыстық процестік кодекстің 1 бабына өзгеріс енгізіліп отыр», - деді Мәжіліс депутаты Абзал Құспан.

Атап айтқанда, толықтай қылмыс санатынан шығаруға екі бап ұшырайды, яғни ҚК-нің 219-бабын (Кредитті заңсыз алу немесе бюджеттік кредитті мақсатсыз пайдалану) және ҚК-нің 241-бабын (ҚР Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасын бұзу), ӘҚБтК-нің 239-бабының 6-бөлігіне көшіре отырып. Ал ішінара қылмыстық сипаттан арылтуда екі бап қамтылды. Бұл тұрғыда ҚК-нің 234-бабы ескеріліп (Экономикалық контрабанда), ӘҚБтК-нің 551-бабына көшірілмек. Сондай-ақ ҚК-нің 236-бабы да (Кедендік баждарды, кедендік алымдарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеуден жалтару) ішінара қылмыстық сипаттан арылады

«Түзетулер арқылы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 551-бабында жауапкершілікті көздей отырып, ірі мөлшерде құқық бұзу әрекетін жасаудың саралау белгілерін қылмыстық сипаттан арылта отырып, қылмыстық жауаптылықтың басталу шегін көтеру ұсынылады. Демек, қылмыстық жауапкершіліктің басталу шегі аса ірі мөлшерге дейін көтеріледі. ҚК-нің 234-бабы бойынша төменгі шегі 10 000-нан 20 000 АЕК-ке дейін, ҚК-нің 236-бабы бойынша 5 000-нан 10 000 АЕК-ке дейін көтеріледі», - деді депутат.

Мұнымен қоса, заң жобасында 2022 жылғы 13 сәуірдегі №872 «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» ҚР Президенті Жарлығын орындау мақсатында «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Заңына қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнаманың мақсаттарын, міндеттері мен қағидаларын белгілеу, сонымен бірге одан артық регламенттеудегі кейбір нормаларын алып тастау түзетулерін ескереді.

«Заң жобасы практикалық қолдануды, халықаралық стандарттар талаптарын, ФАТФ ұсынымдарын, сондай-ақ тіркелген қылмыстық істер және сотқа жіберілген істер бойынша статистикалық деректерді ескере отырып, қылмыстық сот ісін жүргізуде азаматтар мен бизнес-қауымдастықтардың құқықтарын қорғауға бағытталған», - деді А. Құспан.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында экономикалық сипаттағы кейбір заң бұзу әрекеттерін қылмыс санатынан алып тастау жұмысын жалғастыру қажеттігін айтқан-ды. Президенттің дәл осы тапсырмасына орай әзірленген заң жобасы Мәжілістің қарауына түсті. Құжат депутаттар тарапынан бүге-шігесіне дейін талқыланып, жан-жақты сүзгіден өткізілмек. Осы орайда, Kazinform Мәжіліс депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі, заң жобасы авторларының бірі Абзал Құспанмен сұхбаттасқан болатын.

Соңғы жаңалықтар