Мәжіліс ең төменгі жалақы туралы Халықаралық еңбек ұйымының конвенциясын қарамақшы
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Бюро отырысы өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі мәлім етті.

— Алдағы жалпы отырыста депутаттарға «Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төмен жалақыны белгілеу туралы конвенцияны (131-конвенция) ратификациялау туралы» заң жобасын қарау ұсынылады. Конвенцияны ратификациялау ең төмен жалақыны белгілеу бөлігінде халықаралық стандарттарды одан әрі енгізуді қамтамасыз етеді және Қазақстанның осы саладағы халықаралық нормаларды сақтау мен орындауға бейілдігін растайды, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар Мәжілістің талқылауына Қазақстан мен Қатар Мемлекетінің үкіметтері арасындағы Қазақстаннан келген жұмыскерлерді Қатарға жұмысқа орналастыруды реттеу туралы келісім ұсынылады. Құжатта тараптардың өзара іс-қимыл тәртібі, жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы еңбек шарттарын жасасу талаптары, сондай-ақ жұмыскерлерді репатриациялау мәселелері айқындалады.
Мәжіліс комитеттері бірқатар заң жобасын жұмысқа алады. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы», Перумен ұстап беру және сотталған адамдарды беру, қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шарттарды ратификациялау, Жоғары білім беру саласындағы біліктілікті тану туралы Азия-Тынық мұхиты өңірлік конвенциясы, сондай-ақ 1992 жылғы Шекарааралық су арналары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі конвенцияға Су және денсаулық проблемалары туралы хаттама бар.
Бүгін сондай-ақ Ерлан Қошанов Парламент палаталарының бірлескен отырысын шақырды.