Мәжіліс халықаралық ғылыми жобалар конкурсының жеңімпазына біржолғы төлем беруді көздейтін заңды қабылдады
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдады.

Құжат бойынша негізгі баяндама жасаған депутат Ринат Зайытовтың айтуынша, заң жобасы мәдениет және білім саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған.
Заң жобасының мәдениет және ономастика саласындағы негізгі ережелері мынадай:
— отандық әдебиетті дамыту, кітап қорының сақталуы мен кеңейтілуі;
— мемлекеттік кітапханаларға мәдени-ағартушылық іс-шараларды ұйымдастыру құқығын беру;
— мәдени-бұқаралық іс-шараларда кезінде дауыстық (вокалдық) фонограммаларды қолдануға байланысты талаптарды қатаңдату;
— сондай-ақ жеке білім беру ұйымдарына атау беруді ономастикалық комиссиямен келісу рәсімін енгізу.
білім беру саласында:
— халықаралық ғылыми жобалар конкурстарының жеңімпаздары мен оларды дайындаған педагогтарға біржолғы төлемдер төлеу;
— баласы мүгедек, І топтағы мүгедекке күтім жасаған жағдайда мемлекеттік грант түлектерін міндетті өтеуден босату;
— шетелдік резидентура, магистратура, аспирантура, докторантурада оқығандарға өтелім мерзімін кейінге қалдыру;
— мектепке дейінгі ұйымдарға арналған жер телімдерін жекешелендіруге тыйым салу;
— жоғары оқу орындары мен колледждерді рейтингтік көрсеткіштер бойынша саралау, мемлекеттік тапсырысты жаңа тәртіппен орналастыру.
отбасы заңнамасында:
— баланы асырап алу мен қамқоршылықты белгілеуде туыстарына басымдық беру;
— қамқоршы бола алатын тұлғалардың тізбесін кеңейту;
— қамқоршылардың заң талаптарына сәйкестігін тексеру міндетін бекіту.
— Сондай-ақ балаларға арналған ұйымдарды санитарлық-эпидемиологиялық бақылау саласында және балалардың құқықтарын қорғау саласында мемлекеттік бақылаудың ерекше тәртібі реттеледі. Сонымен қатар мемлекеттік аттестаттауды жаңа тәртіппен өткізу нормалары қарастырылған, — деді Ринат Зайытов.
Мұнан бөлек, депутаттар қазақ тілінің цифрлық коммуникация тілі ретінде дамуын қамтамасыз ететін заңды да қабылдады.