Мәжіліс халықты сумен таралатын аурулардан қорғайтын халықаралық құжат ратификациясын қабылдады
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаттары «Шекарааралық су арналары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі 1992 жылғы конвенцияға Су және денсаулық проблемалары туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қабылдады.
Хаттама 1999 жылы 17 маусымда Лондонда қабылданған. Мақсаты – су ресурстарын орнықты басқару есебінен халықтың денсаулығын қорғап, әл-ауқатын арттыру, сумен байланысты аурулардың таралу дәрежесін болғызбау және шектеу.
Қазақстан бұл хаттаманы ратификациялау арқылы мойнына мынандай міндеттемелер алады:
- сумен жабдықтау, санитария, гигиена және денсаулық сақтау бойынша нақты және өлшенетін нысаналы көрсеткіштерді белгілеу;
- сумен байланысты ауруларды қадағалау және олардың ерте алдын алу жүйесін құрып, жетілдіру;
- төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл жоспарларын әзірлеу;
- халықты қолданыстағы санитариялық-гигиеналық талаптарға сай сумен қамтамасыз ету бағытындағы өзара іс-қимылды күшейту;
- шешім қабылдау процесіне жұртшылықты тарту және су шаруашылығы қызметінің барлық кезеңінде халықтың хабардар болуын арттыру;
- су ресурстарын қорғау және пайдалану, санитария және денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту.
Сондай-ақ, бұл хаттаманың ратификациясы Қазақстан үшін қауіпсіз ауызсу дайындау, сарқынды суды кәдеге жарату саласындағы озық технологиялар мен білімге жола ашады.
Бұған дейін Сәтбаев университетінің ғалымдары ауызсуды бір мезгілде тазартатын, белсендіретін әрі зарарсыздандыратын көпфункционалды, көпсатылы құрылғы әзірлеп шығарғанын жазған едік.