Мәжіліс мәслихаттар мен әкімдіктер қызметінің ашықтығын күшейтетін заң жобасын қарайды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысы өтеді. Онда депутаттар заңнамаға жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге азаматтардың қатысуын арттыратын түзетулерді қарап, бірқатар халықаралық келісімді талқыға салады.

Мәжіліс
Фото: Мәжіліс

Мәжілісмендер алдымен «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңға түзетулер енгізу жөніндегі заң жобасын қарайды. Құжатты Парламент депутаттары мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару жүйесін құқықтық реттеуді жетілдіру, жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге азаматтардың қатысу деңгейін арттыру, сондай-ақ мәслихаттар мен әкімдіктер қызметінің есептілігі мен ашықтығын күшейту мақсатымен әзірледі.

Сондай-ақ депутаттардың талқылауына 2025 жылғы 29 мамырда Астанада қол қойылған Қазақстан мен Оман Сұлтандығының үкіметтері арасындағы табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісім және оның Хаттамасы енгізіледі. Олар салық төлеуден жалтаруға қарсы іс-әрекет бөлігінде халықаралық стандарттарды сақтауға және екі елдің құзыретті органдары арасында тиімді ақпарат алмасуды қамтамасыз етуге бағытталған.

Құжаттар инвестициялар үшін қолайлы жағдай жасау жолымен елдер арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтуды, кеңейтуді, екі елдің құзыретті органдары арасында салық мәселелері бойынша ақпарат алмасу арқылы салықтық жалтарулардың алдын алуды, салықтық жалтаруларға қарсы, оның ішінде салық салу мәселелері бойынша ақпарат алмасуды көздейді. Бұдан басқа, келісім жобасы уағдаласушы мемлекеттердің резиденттері саналатын заңды және жеке тұлғалар үшін табыстарға қосарланған салық салуды жоюды қарастырады.

Келісім салықтық базаны бүркемелеуге және пайданы салық салу аясынан шығаруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында салықтық келісімдерге қатысты шараларды орындау жөніндегі көпжақты конвенцияның талаптарына сәйкес келеді.

ЕАЭО аясындағы таңбалау жүйесі: көлеңкелі экономиканы азайту құралы
Фото: Еуразиялық бизнес ассоциациясы

Бұдан бөлек, депутаттар 2024 жылғы 26 желтоқсанда Санкт-Петербургте қол қойылған Еуразиялық экономикалық одақтың және үшінші тараптың (үшінші тараптардың) кедендік транзитінің бірыңғай жүйесі туралы келісімді қарайды. Құжат ЕАЭО мен үшінші елдердің кедендік шекаралары арқылы тауар тасымалдау кезінде қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету үшін бірыңғай транзиттік жүйені қалыптастыруды көздейді.

Айта кетейік, палатаның өткен аптадағы жалпы отырысында депутаттар «Рейтингтік қызмет туралы» заң жобасы мен ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.

Құжат бойынша негізгі баяндама жасаған Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, бүгінде Қазақстан Республикасының аумағында Standard & Poor's, Moody's және Fitch Ratings халықаралық рейтингтік агенттіктері рейтинг береді. Сонымен бірге шетелдік рейтингтік агенттіктерді аккредиттеу арқылы ЭКСПЕРТ РА және АКРА пруденциялық реттеу мақсатында рейтинг табыстайды.

- Бұл ретте ұлттық рейтингтік бағалау жүйесі және құқықтық базасы қалыптаспаған. Рейтингтерді негізінен қаржы ұйымдары мен ірі бизнес компаниялары алады. Ұлттық рейтингтік жүйені құру шағын және орта бизнес үшін капитал нарығына шығуды жеңілдетеді. Бұл қарыз алу құнын төмендетуге, ақпараттық асимметрияны азайтуға және эмитенттердің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді. Банктер, зейнетақы қорлары және сақтандыру ұйымдары сияқты институционалдық инвесторлар үшін инвестициялау мүмкіндігін кеңейтеді, - деді ол.

Заң жобасы 7 тараудан, 30 баптан тұрады. Ол рейтингтік қызметті мемлекеттік реттеу мен қадағалаудың кешенді моделін құрайды. Ілеспе заң жобасымен 3 кодекске және 18 заңға түзетулер енгізіледі. Рейтингтік қызметті реттеудің негізгі мақсаты – рейтингті пайдаланушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, кредиттік рейтингтік агенттіктер қызметінің ашықтығы мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету.

Сондай-ақ екінші оқылымда депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды екінші оқылымда қарып, қабылдады.

Қазақстандағы ғылым
Коллаж: Kazinform / Viafuture.ru / Pexels

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, Заңға ғалымдарымыздың он жылдан астам уақыт бойы көтеріп келген проблемасын шешетін норма енгізілді. Бүгінде ғылымды қаржыландыруда үлкен мәселе бар. Ғылыми гранттар негізінен үш жылға, яғни 36 айға жоспарланады. Алайда конкурстық рәсімдердің созылуына байланысты іс жүзінде ғылыми жоба алғашқы жылы қаңтарда емес, тіпті жылдың соңына қарай басталады. Соның салдарынан ғалымдар зерттеуді толық үш жыл емес, шамамен екі жыл ғана жүргізеді. Ал бұл ғалымдардың қолына түсетін қаржыландыру көлемінің де қысқаруына әкеледі.

- Енді біз ұсынған нормаларға сәйкес, ғылыми жобаның басталу мерзімі автоматты түрде қаңтар айынан емес, нақты келісімшарт жасалған күннен бастап белгіленеді. Сәйкесінше, ғалымдар енді бөлінген қаражаттың 70–80 пайызын емес, толық 100 пайызын алып, жоспарланған уақытты да толық пайдаланып, сапалы зерттеу жүргізуге мүмкіндік алады, - деді ол.

Жалпы отырыс соңында депутаттар мемлекеттік органдарға өзекті әлеуметтік және экономикалық тақырыптар бойынша 13 депутаттық сауал жолдады. Мәжіліс депутаты Әбутәліп Мутәлі Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына жолдаған депутаттық сауалында таулы аймақтардағы сел қаупі мәселесіне тоқталды.

Көшкін
Фото: pexels.com

Үкіметке сел қауіпсіздігі бойынша бірыңғай мемлекеттік бағдарламаны әзірлеп және бекітуді, сел қаупі жоғары аймақтарда қорғаныс құрылыстарының жеткіліксіз салыну себептеріне аудит жүргізу және төтенше жағдайлар кезіндегі ықтимал залалдың жаңартылған есебімен қамтамасыз етуді ұсынамын. Мұнымен қоса, су тасқыны мен сел қаупі бар барлық ауданда халықты төтенше жағдайлар туралы заманауи ескерту жүйелерімен 100% қамтамасыз етудің нақты мерзімдерін белгілеуді сұраймын. Сонымен қатар, қарапайым мониторингтен жасанды интеллектіге негізделген болжау жүйелерін толық енгізуге және барлық сенсорлық деректі бірыңғай аналитикалық платформаға біріктіруге сапалы көшуді қамтамасыз ету керек, - деді Әбутәліп Мутәлі.

Сондай-ақ Ерболат Сатыбалды мемлекеттік емес наградалар мен атақтар беруді реттеу мәселесіне назар аударса, Мархабат Жайымбетов Арал қаласында жаңа емхана салу жайын көтерді. Ал Серік Ерубаев Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевқа отандық ғылыми-техникалық өнертабыстарды жол құрылысында пайдалану туралы депутаттық сауал жолдады.