Мәжіліс медицина қызметкерлеріне зорлық-зомбылық көрсеткендерге жазаны қатаңдатпақ
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысы өтеді. Онда депутаттар аса маңызды бірқатар заң жобасын бірінші және екінші оқылымда талқыға салуды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, 21 қарашада Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен бюро отырысы өтіп, бүгінгі жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды. Соған орай бірінші оқылымда медицина қызметкерлеріне физикалық зорлық-зомбылық пен қатыгездік көрсеткені үшін жазаны қатаңдату жөніндегі Президент тапсырмасын орындау үшін әзірленген депутаттардың түзетулері қаралады.
«ҚР Қылмыстық кодексіне және ҚР Қылмыстық-процестік кодексіне толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Мәжілісінің қарауына 21 қарашада түскен еді. Сол кезде депутат Асхат Аймағамбетов бұл маңызды заң жобасы дәрігерлер мен медицина қызметкерлерін қорғау үшін әзірленгенін айтқан болатын.

- Онда медицина өкілдеріне қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны айтарлықтай қатаңдату жөніндегі нақты нормаларды ұсындық. Соңғы жылдары мұндай жағдайлар көбейіп барады. Бір дәрігер жұмыс орнында соққыға жығылса, тағы бірі жедел жәрдем шақырған үйден қорлық көрді. Осындай көріністерге жол беруге болмайды, — деді ол.
Биыл 23 шілдеде Мемлекет басшысы Үкіметке медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағаны және қатыгездік көрсеткені үшін жазаны қатаңдату мақсатында ұлттық заңнамаға өзгерістер енгізуге бағытталған заңнамаға түзетулер әзірлеуді тапсырды.
- Біздің дәрігерлеріміздің денсаулығы мен әл-ауқатына нұқсан келтіретін мұндай оқиғалардың «Заң және тәртіп» қағидатына сәйкес құқықтық құралдармен түбегейлі жолын кесу керек, - деп атап өткен еді Президент.

Сонымен Қылмыстық кодекске медицина мамандары мен жедел жәрдем жүргізушілерінің қызметтік міндеттерін атқару кезінде олардың өміріне, денсаулығына және қауіпсіздігіне қол сұққаны үшін жауапкершілік жүктейтін нормалар енгізіледі. Құқық бұзушылықтың ауырлығына қарай айыппұл мен бас бостандығын шектеуден бастап, бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылады.
Мұнан бөлек, депутаттар екінші оқылымда Құрылыс кодексі жобасын талқылайды. Құжаттағы қала құрылысы саясатының нормалары нақтыланып, құрылыстың сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын талап күшейеді, сондай-ақ цифрлық рәсімдер мен жария талқылау тетіктері кеңейеді. Бұдан бөлек ғимараттардың негізгі құрылымына кепілдік мерзімін екі жылдан он жылға дейін ұзарту ұсынылады.

Бұл заң жобасы 8 қазанда бірінші оқылымда мақұлданды. Сол кезде құжат бойынша негізгі баяндама жасаған Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың сөзіне қарағанда, Кодекс аясында құрылыс жобаларының орындалуын қосымша бақылау үшін Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізу көзделіп отыр.
Сонымен қатар ұлттық қауіпсіздік пен орнықты дамуды қамтамасыз ету мақсатында жаңа Құрылыс кодексінде сейсмикалық мәселеге арналған жеке тарау енгізіледі. Нормалар кешенді түрде сейсмикалық қатерді бағалауды, жаңа нысандарды сейсмо-оқшаулау технологиясымен жобалауды, құрылыс алаңдарын таңдау мен бірінші деңгейдегі маңызды нысандарға инженерлік-сейсмометриялық бақылау жүргізуді қарастырады.
Енді профилактикалық бақылау қашықтан, яғни объектіге бармай-ақ жүргізілетін болады. Бұл үшін мемлекеттік органдардың деректері мен ақпараттық жүйелер пайдаланылады, қажет болған жағдайда дереу шара қабылданады. Сонымен қатар, әкімдіктердің жұмысына да бақылау артып, заң бұзудың алдын алу шаралары күшейтіледі.
- Құрылыс кодексі жобасында нысанды қабылдау кезінде мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау мен төтенше жағдай органдарының міндетті түрде қатысуы қарастырылған. Олар нысанның пайдалануға дайын екендігі туралы қорытынды береді. Жаңа заңнамалық өзгерістер құрылыс циклінің басынан аяғына дейін мемлекеттік бақылауды күшейтуді көздеп отыр, - деді министр.

Сондай-ақ жалпы отырыстың күн тәртібі жобасына Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы бірыңғай заң жобасын екінші оқылымда талқылау енгізілген. Аталған құжат арқылы барлық алдын алу жүйесін қайта қарау және қолданыстағы бес заңды ауыстыру көзделген. Заң жобасы жайында толығырақ депутат Магеррам Магеррамовтың Kazinform тілшісіне берген сұхатынан оқи аласыздар.
Сондай-ақ банк секторының тұрақтылығын арттыруға, тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуге және ұлттық цифрлық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған банктер және банк қызметі туралы заң жобасы да екінші оқылымда талқыланады.
Заң жобасының мақсаттары мен міндеттері мыналар:
- банк қызметін реттеу мен қадағалауды жетілдіру арқылы банк жүйесінің тұрақтылығы мен орнықтылығын қамтамасыз ету;
- ашықтықты арттыру, тұтынушылардың құқықтарын қорғау стандарттарын сақтау және қаржылық дағдарыстардың алдын алу арқылы азаматтардың банк жүйесіне деген сенімін нығайту;
- қолайлы жағдайлар жасау және банк қызметтерінің сапасын арттыру үшін қаржы нарығында адал бәсекелестік пен инновацияларды дамытуды ынталандыру.
Заң жобасының тұжырымдамалық негіздері: - Қазақстандағы банк қызметін мемлекеттік реттеудің мақсаттарын, міндеттері мен қағидаттарын белгілеуді;
- банктерді ашу және лицензиялау тәртібіне қойылатын талаптарды кеңейтуді;
- банк қызметіне қойылатын талаптарды, банктерге рұқсат етілетін инвестициялық және өзге де қызметті белгілеуді, сондай-ақ еншілес ұйымдарды реттеуді жетілдіруді;
- банктерді корпоративтік басқару қағидаттарын айқындауды; - исламдық банк қызметін кеңейтуді;
- банк қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғауға қойылатын талаптарды жетілдіруді;
- қаржылық тұрақтылықты қалпына келтіру және төлемге қабілетсіз банкті реттеу тетіктерін дамытуды қамтиды.

Естеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
- Біз бұл заң арқылы әкелердің де құқығын қорғап отырмыз. Қазіргі қолданыстағы жүйеге тоқталсақ, егер жұмыссыз ана үш жасқа дейінгі бала күтімімен үйде отырса, бұл кезең оның еңбек өтіліне есептеледі. Алайда, дәл осы құқық әкелерге берілмеген. Біз бұл теңсіздікті жоюды ұсындық. Енді заң қабылданса, егер бала күтіміне әке шықса, бұл кезең оның да еңбек өтіліне қосылады. Бұл – тек әлеуметтік әділеттілік емес, сонымен қатар қоғамдағы отбасылық рөлдер мен ата-аналық жауапкершіліктің теңдігін қалыптастыруға бағытталған қадам, - деген еді сол кезде Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов.
Сонымен қатар депутаттар Жоғары білім беру саласындағы біліктілікті тану туралы Азия-Тынық мұхиты өңірлік конвенциясын ратификациялады. Токио конвенциясы ретінде белгілі бұл құжат академиялық және кәсіби ұтқырлықты кеңейтуге, дипломдарды, дәрежелерді және өзге де біліктіліктерді тануды жеңілдетуге бағытталған.
Конвенцияны ратификациялау Қазақстанға мынадай мүмкіндіктерді ашады:
- Отандық жоғары оқу орындарының білім қызметтерін экспорттау нарығын кеңейтеді.
- Ұлттық жоғары білім жүйесіне халықаралық сенімін нығайтады.
- Қазақстанда алынған дипломдарды Азия-Тынық мұхиты өңірінде тануға қойылған кедергілер жойылады.
- Заманауи білім беру тәжірибелері мен технологияларын алмасуға жағдай жасалды.
Мұнан бөлек, Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оларды ҚР Конституциясының нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңын екінші оқылымда қарап, қабылдады.
Аталған заң кейбір заңнамалық актілерді Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларына сәйкес келтіру мақсатында әзірленді.
- Конституциялық Соттың нормативтік қаулысына сәйкес «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабы Конституцияға сәйкес келмейді деп танылды. Конституциялық Сот мемлекеттік қызметшілерге теңестірілген адамдарға қатысты қолданылатын сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер олардың кәсіпкерлікпен айналысу еркіндігіне құқықтарын бұзатынын анықтады. Осыған байланысты заң жобасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер мәселелерін реттейтін заңнамаға бірқатар түзету енгізілді. Атап айтқанда, мемлекеттік функцияларды орындаумен сыйыспайтын қызметпен айналысуға тыйым салуға байланысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер қолданылатын лауазымды адамдардың тобы нақтыланады. Бұл шектеулер республикалық мемлекеттік кәсіпорындарда, коммуналдық кәсіпорындарда, коммуналдық мемлекеттік мекемелерде басқару функцияларын жүзеге асыратын, мемлекеттік қызметшілерге теңестірілген адамдарға қолданылмайды, - деді Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев.
Депутаттар қабылдаған келесі Заң - «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» ҚР Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы».

Құжатқа сәйкес, Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы тек мемлекеттің меншігінде болады. Бұл аталған платформаның құрамында стратегиялық маңызды мемлекеттік ресурс саналатын геологиялық ақпараттың болуына байланысты. Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасының жұмыс істеуін қамтамасыз ету геология саласындағы Ұлттық операторға жүктелген. Ұлттық оператор (Ұлттық геологиялық қызмет) жекешелендіруге жатпайды.
Мұнан бөлек, Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды қабылдады.
Құжатта тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау әрі пайдалану саласындағы қызметті лицензиялау жүйесін өзгерту және лицензиялардың жаңа түрлерін беруге қойылатын біліктілік талаптарын қайта қарау ескерілген. Археологиялық жұмыстар барысында анықталған тарихи-мәдени мұра объектілері туралы барлық мәліметті жинақтау үшін Археологиялық жұмыстар бойынша бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйені құру қарастырылған. Жаппай археологиялық олжалар мен материалдарды орталықтандырылған түрде жинау, орналастыру және сақтау мақсатында Мемлекеттік қор мен Ұлттық депозитарий құру назарға алынған.
Жалпы отырыс соңында депутаттар өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға 19 депутаттық сауал жолдады. Мәселен, депутат Аманжол Әлтай оқушылар мен сарбаздарды жылқы етімен тамақтандыру керектігін алға тартты.
Ал Қайрат Балабиев жеке тұрғын үй құрылысына бөлінген жерлерді алып қою мәселесіне қатысты алаңдаушылық танытса, Абзал Құспан Қылмыстық кодексінің 339 және 339-1-баптарының жалпыға бірдей қолданылуын қамтамасыз ету мәселесін көтерді.