Мәжіліс мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құрылымдар қызметінің тиімділігін арттырмақ

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Мәжілістің жалпы отырысы өтеді. Онда депутаттар мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құрылымдар қызметінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін бірқатар түзетуді заңнамалық актілерге енгізеді. Сондай-ақ Қазақстан мен Халықаралық валюта қоры арасындағы меморандумды талқыға салады.

Мажіліс
Фото: Мажіліс

Сонымен алдымен Мәжіліс Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметі мәселелері бойынша бірқатар заңнамалық актіге енгізілетін түзетулерді бірінші оқылымда қарайды.

Бұл заң жобасын Мәжіліс осы жылдың 4 ақпанында жұмысқа қабылдаған болатын. Сол кезде халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан ұсынылған заң жобалары Парламенттің бір топ депутатының бастамасымен әзірленгенін айтты. 

Айгүл Құспан
Фото: Дияр Бексұлтанов

— Негізгі заң жобасы Қазақстан Республикасының арнауы мемлекеттік органдарында қызмет өткеруге қатысты заңнаманы одан ары жетілдіруді көздейді. Ілеспе заң жобасы мемлекеттік құпияларды қорғау саласындағы, сонымен қатар әскери көлік құралдарын пайдалануға байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу немесе болдырмауға бағытталған, — деді Мәжіліс депутаты.

Түзетулер мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құрылымдар қызметінің тиімділігін арттыруға, құқық қолдану практикасы барысында анықталған құқықтық олқылықтарды жоюға, сондай-ақ нормаларды қолданыстағы заңнамаға сәйкестендіруге бағытталған.

Бұдан бөлек, депутаттар Қазақстан мен Халықаралық валюта қоры арасындағы Кавказ, Орталық Азия және Моңғолия үшін әлеуетті дамытудың өңірлік орталығына қатысты өзара түсіністік жөніндегі меморандумды қарайды.

2024 жылғы 23 қазанда Вашингтонда қол қойылған құжат Алматыда орналасқан орталықтың жұмысын реттейді. Ал өңірлік орталықты Қазақстанда орналастыру туралы шешімді Халықаралық валюта қоры 2019 жылдың қазан айында Қазақстаннан, Өзбекстаннан және Грузиядан түскен өтінімдерді қарағаннан кейін қабылдаған еді.

Әлеуетті дамытудың өңірлік орталығының қызметі макроэкономикалық талдау, ақша-кредит және бюджет саясаты, қаржылық реттеу мен қадағалау, макроэкономикалық статистика мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары қызметкерлерінің кәсіптік дағдыларын дамытуға және кәсіптік құзыретін арттыруға ықпал ететін болады.

Сонымен қатар ол Кавказ, Орталық Азия және Моңғолия өңірінің елдері арасында білім мен тәжірибе алмасу алаңына айналады және одан әрі өңірлік интеграцияға, екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты кеңейтуге оң әсерін тигізеді.

Бұл орталықтың бағдарламалары бенефициар елдерде (Қазақстан, Армения, Әзербайжан, Грузия, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан) мықты институттар құруға, макроэкономикалық талдау, ақша-несие және бюджет саясаты, қаржылық реттеу және қадағалау, макроэкономикалық статистика мәселелері бойынша мемлекеттік органдар қызметкерлерінің кәсіби дағдылары мен құзыреттерін дамытуға және арттыруға ықпал етуге бағытталған.

Сондай-ақ, Мәжілістің «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» кодекске түзетулер енгізу және 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу сынды жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдауы жоспарланған.

Естеріңізге сала кетсек, өткен аптада Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заң екінші оқылымда қабылданды. Заң жобасы бойынша негізгі баяндаманы Парламент палаталарының бірлескен комиссиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов жасады

Нұртай Сабильянов
Фото: Kazinform

— Екінші оқылымға дайындау барысында Бірлескен комиссия Парламент депутаттары мен тұрақты комитеттердің ұсыныстарын қарап, жан-жақты талқылады. Депутаттардың түзетулері бойынша заң жобасының нормалары жаңа Конституция ережелеріне сәйкес келтірілді. Құжаттың атауы енді «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» ҚР Конституциялық Заңы болып өзгертілді, — деді Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов.

Конституциялық заң аясында кәсіпкерлер мен инвесторлар құқықтарының қорғалуын күшейтуге ерекше назар аударылды. Бизнес субъектілеріне қатысты тексеру жүргізуді тек қана Бас прокуратура органдарының жүргізе алатыны туралы норма енгізілді. Бұл іскерлік ортаның тұрақты әрі болжамды болуына қосымша кепілдік береді.

бюджет
Коллаж: Kazinform; Freepik

Бұдан бөлек, депутаттар бюджет қаражатының пайдаланылуын бақылауды күшейтуге қатысты түзетулер енгізді. Енді Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның Қазақстан Республикасының Құрылтайына ұсынылатын жыл сайынғы есептерінің құрамына Алатау қаласы әкімшілігінің республикалық бюджет қаражаты бойынша бюджеттің атқарылуы туралы есебі енгізілетін болады. Сондай-ақ, әкімшіліктің бюджеттің атқарылуы туралы есебі мен Алатау қаласын дамыту туралы жылдық есепті интернет-ресурстарда жариялап отырудың міндетті болуы қарастырылды.

Алатау қаласының жобасы
Фото: Алматы облысының әкімдігі

— Депутаттардың түзетулерінде Әкімшіліктің лауазымды адамдарының (бас атқарушы директор мен әкімшілік қызметшілерінің), сондай-ақ Алатау қаласының әкімі мен оның орынбасарларының өкілеттіктерін жүзеге асыру кезіндегі жауапкершілігін енгізу көзделді.

Сонымен қатар, «Инклюзивті Парламент» депутаттық тобының басшысы — депутат Ерлан Әбдиев халықтың жүріп-тұруы шектелген топтарының қала ішінде еркін қозғалысына қолайлы жағдай жасауға қатысты түзетулер енгізді. Сондай-ақ, ол сәулет және қала құрылысы қызметін реттеу кезінде инклюзивті әрі жайлы орта қалыптастыру үшін универсалды дизайнды қолдануды да ұсынады. Заң жобасын жетілдіруге қатысты басқа да ұсыныстар қарастырылды, — деді депутат.