Мәжіліс радиоактивті материалдарды заңсыз тасымалдауға жол бермейтін құжатты қабылдады
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттерде радиоактивті материалдарды трансшекаралық тасымалдау туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданды.

Келісімге Қазақстан Үкіметі 2020 жылғы 6 қарашада өткен ТМД Үкімет басшылары кеңесінің отырысы аясында қол қойды.
— Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының аумағы бойынша радиоактивті материалдарды тасымалдау тәртібіне байланысты мәселелер қолданыстағы заңнамамен реттелген. Радиоактивті материалдарды трансшекаралық тасымалдау уәкілетті мемлекеттік органдар (Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің Атомдық қадағалау және бақылау комитеті, ӨҚМ Өнеркәсіп комитеті) беретін рұқсаттар (лицензиялар) негізінде жүзеге асырылады. Келісімді ратификациялау қажеттілігі радиоактивті материалдарды бірнеше мемлекеттің аумақтарын қамтитын халықаралық тасымалдау кезінде ТМД-ға мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының іс-қимылдарының келісімділігін, рұқсат құжаттарын өзара тануды және қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бірыңғай тәсілдерін талап етуімен негізделеді, — деді Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев.
Бұл құжат трансшекаралық тасымалдарды бақылау тиімділігін арттыруға, радиоактивті материалдарды мемлекеттік шекаралар арқылы өткізу кезінде негізсіз кідірістерді болдырмауға, орын ауыстыру мониторингі жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ радиоактивті материалдарды заңсыз тасымалдаудың жолын кесуге ықпал ететін болады.
— Келісім Қазақстан Республикасының Президенті 2025 жылғы 26 қыркүйекте Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңестің отырысында белгілеген саясат контекстінде ерекше мәнге ие болады. Мемлекет басшысы атом энергетикасы мен ядролық технологияларды дамыту энергетикалық қауіпсіздікті, ғылыми-техникалық прогресті және елдің атомды бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы халықаралық міндеттемелерін қамтамасыз етудің негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті. Осы тұрғыда Қазақстан жоғары халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келетін заманауи нормативтік-құқықтық базаны дәйекті түрде қалыптастырады, бұл осы Келісімді ратификациялаудың қосымша өзектілігін береді, — деді агенттік басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, заңды қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық немесе өзге де салдарға алып келмейді, мемлекеттік бюджеттен қосымша шығыстарды талап етпейді.
Айта кетейік, жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атом энергетикасы бағытындағы жұмыс бір ведомствоның немесе саланың аясында шектеліп қалмауға тиіс екенін ескертті.