Мәжіліс рақымшылық жөніндегі құжатты Сенаттың қарауына жолдады
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдауға байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасы мен оған ілеспе құжаттар екінші оқылымда қаралып, қабылданды.
Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мәліметіне қарағанда, құжат ізгілік қағидаты негізінде қылмыстық саясатты ізгілендіруге және әкімшілік әділет жүргізу аясында халықтың борыштық жүктемесін азайтуға бағытталған.
Қылмыстық рақымшылық жасау бойынша:
1) осы құжат қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған қылмыстық теріс қылықтар, онша ауыр емес қылмыстар, сондай-ақ залал келтіруге алып келмеген не оны толық өтеген орташа ауырлықтағы қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылатын адамдарға қатысты қылмыстық істерді, оның ішінде соттардың қарауындағы істерді тоқтату;
2) азаматтардың және мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қылмыстар үшін сотталғандарды, атап айтқанда:
- қылмыстық теріс қылықтар және онша ауыр емес қылмыстар;
- залал келтіруге алып келмеген не оны толық өтеген орташа ауырлықтағы қылмыстар жасағандарды (жазасын өтеуіне бір жылдан аспайтын уақыт қалған, ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін сотталған адамдарға негізгі жазасының өтелмеген бөлігіне қарамастан) босату;
3) орташа ауырлықтағы қылмыстар үшін сотталғандардың, залалды өтемеген адамдардың өтелмеген жаза мерзімін (1/2 бөлігіне), ауыр қылмыстар үшін сотталғандардың (залал өтелген жағдайда 1/3 бөлігіне, зиян өтелмеген жағдайда 1/4 бөлігіне) және аса ауыр қылмыстар үшін сотталғандардың (залал өтелген жағдайда 1/4 бөлігіне, зиян өтелмеген жағдайда 1/5 бөлігіне) өтелмеген жаза мерзімін қысқарту ұсынылды.
Сонымен қатар, қылмыстық рақымшылық жасау қолданылмайтын қылмыстардың тізбесі айқындалды.
Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 476-бабының 15-тармағына сәйкес, рақымшылық жасауды қолдану туралы түпкілікті шешімді сот әрбір сотталушыға қатысты жеке қабылдайтынын айта кеткен жөн.
Заң жобасында жергілікті атқарушы органдарға бас бостандығынан айыру орындарынан босатылатын адамдарды әлеуметтік бейімдеу және қайта әлеуметтендіру бойынша міндеттер жүктеледі.
Мұнымен қоса, әкімшілік рақымшылық аясында құқық бұзу деректері үшін салынған әкімшілік айыппұл түріндегі әкімшілік жазадан келесі адамдарды толық босату ұсынылды:
- Қазақстан Республикасының азаматтары саналатын жеке тұлғаларды;
- жеке кәсіпкерлер қатарындағы кәсіпкерлік субъектілерін;
- жеке нотариустарды, жеке сот орындаушыларын, адвокаттар мен заң консультанттарын.
Әкімшілік рақымшылық жасау соттар салған айыппұлдарға, сондай-ақ азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құқық бұзу деректеріне салынған айыппұлдарға қолданылмайды.
Бұдан бөлек, «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне Қазақстанның жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заңға тиісті түзету енгізілді.
- Жұмыс тобы аясында депутаттар қылмыстық теріс қылықтары үшін сотталған адамдарды әкімшілік қамаққа алынғандарға арналған қабылдау орындарында ұстауға қатысты түзетулерді іске асыру мерзімін 2030 жылғы 1 қаңтарға дейін ауыстыруды көздейтін норманы қабылдады. Бұл орындардың жетіспеуіне және жергілікті атқарушы органдарда арнаулы қабылдау орындарын салу үшін қаражаттың болмауына байланысты сот шешімдерінің орындалмау қаупіне байланысты, - деп аталып өткен комитет ақпаратында.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдауға байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасы мен оған ілеспе құжаттар бірінші оқылымда мақұлданды.