Мәжіліс төрағасы республикалық бюджет туралы: өңірлер қаржы сұрауын тоқтатар емес
АСТАНА. KAZINFORM – Алдағы уақытта әкімдіктердің қызметі бюджетті тиімді игеруі мен кірісті арттыру жұмысы бойынша бағаланады. Бұл туралы Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов мәлім етті.
«Бюджетаралық қатынастарда бірқатар проблема бар. Бүгінде шағын және орта бизнестен түсетін салық түсімдерін өңірлерге беру нәтижесінде олардың қаржылық мүмкіндіктері артқан. Соңғы жылдары барлық дерлік өңірде корпоративтік табыс салығы бойынша жоспарлардың артығымен орындалуы байқалады. Сонымен қатар, аймақтарға республикалық бюджеттен берілетін нысаналы трансферттер көлемі бұрынғы қалпынша, тіпті кей өңірлерде өсіп отыр. Ал, өңірлер орталықтан қаржы сұрауын тоқтатар емес. Тіпті жұмсау мақсаты да өзгермеген», - деді Ерлан Қошанов Мәжілістің жалпы отырысында 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджетті талқылауды қорытындылай отырып.
Сондай-ақ, Мәжіліс спикері өңірлердің қосымша ресурстарды қаншалықты тиімді игеріп жатқаны алаңдататынын айтты.
«Өңірлерге түскен қосымша кірістер тек қысқа мерзімдік қажеттіліктерді шешуге жұмсалмауға тиіс. Ол халықтың өмір сүру сапасын арттыруды қамтамасыз ететін, өңір үшін маңызды инфрақұрылымдық жобаларға бағытталуы қажет. Жергілікті жердегі мәселелердің көпшілігі жергілікті бюджет есебінен шешілуі қажет. Сондықтан әкімдіктердің негізгі мақсаты – ақшаны уақытылы игеру ғана емес, кірістерді үнемі өсіріп отыру болуы керек. Ол үшін бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасаған жөн», - дейді ол.
Оның айтуынша, алдағы уақытта әкімдіктердің қызметі бюджетті тиімді игеруі мен кірісті арттыру жұмысы бойынша бағаланады.
Бұған дейін Ерлан Қошанов Ұлттық қор қаражатын пайдалану практикасын доғару қажеттігін баса айтты.