Мәжіліс үлескер ақшасына тұрғын үй салу ережесін жетілдіретін заңды қабылдады
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу ережесін жетілдіретін заңды қабылдады.

Заң жобасы тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу шарттарын электрондық нысанда жасауға мүмкіндік бермек. Қазір ондай шарттар тек жазбаша түрде жасалады.
Сондай-ақ, үлескер ретінде қатысу шарттарын жергілікті әкімдіктің бірыңғай ақпараттық жүйесінде тіркеу міндеті енгізілмек.
— Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнаманы айналып өту мүмкіндігін болдырмау үшін алдын ала шарттар, брондау, инвестициялау шарттар жасаға тыйым салу ұсынылады. Заң қабылданса, бұл құжаттардың бәрі жойылып орнына тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт қана қолданылады, — деді депутат.
Заңда бұдан басқа мынандай жаңашылдықтар бар:
Біріншіден, салынып жатқан тұрғын үйлерді жарнамалау үшін жергілікті әкімдік рұқсат беріп, Қазақстан тұрғын үй компаниясы кепілдік ұсыну шарт.
Екіншіден, салынып жатқан көппәтерлі үйден үлестік жолмен пәтер сатқысы келетін компанияға төлемді ақшалай қабылдауға тыйым салынбақ. Ол үшін «Төлемдер және төлем жүйелері туралы», «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңдарға түзетулер енгізілді.
Үшіншіден, «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңның аз қабатты құрылыстарға да қолданылмақ.
Төртіншіден, рұқсатсыз салынып жатқан үйден пәтер сатып алуға ипотекалық қарыз беруге тыйым салынады.
Бесіншіден, үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсат алмай тұрып ақша тартқан компанияларға 2000 АЕК (7 млн 384 мың теңге), дайын емес пәтерлерді жарнамалаған компанияларға 1000 АЕК (3 млн 692 мың теңге) айыппұл салу көзделген.
Сондай-ақ, бүгін Мәжіліс Салық кодексін қабылдады.