Мәжіліс Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы заңды қабылдады
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжілісте Ұлттық қордан 2025–2027 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы заң жобасы қабылданды.
«Сіздердің қарауларыңызға «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2025 – 2027 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасы енгізіледі. Заң жобасы бюджет кодексінің ережелері негізінде әзірленді. Бұл ретте, кепілдендірілген трансферттің мөлшері бюджеттік қағидаларға сәйкес анықталған», - деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Мәжілістің жалпы отырысында.
Ұлттық экономика министрінің мәліметінше, аталған заң жобасында мұнайдың кесімді бағасы 2025 жылы барреліне 42,3 АҚШ доллар, 2026-2027 жылдары барреліне 41 – 39,4 АҚШ доллары деңгейінде белгіленді.
«Осыны ескере отырып, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің мөлшері 2025-2027 жылдарға жыл сайын 2 трлн теңге көлемінде айқындалды. Осы уақыт аралығында Ұлттық қордың таза валюталық активтері болжам бойынша 2025 жылы 62,2 млрд АҚШ доллар, 2026-2027 жылдаы 69,9 – 78,7 млрд АҚШ доллар қарастырылды», - деді министр.
Оның айтуынша, заң жобасын қабылдау республикалық бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Еске сала кетейік, Мәжіліс Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы заң жобасын қарауға алған еді.