Мәжіліс жедел жәрдем қызметкерлерін қорғауға арналған құжатты мақұлдады
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «ҚР Қылмыстық кодексіне және Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу кодексіне толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
— Қылмыстық кодекске жаңа 380-3-бабын енгіземіз. Ол «медицина қызметкері» және «жедел медициналық жәрдем жүргізушісі» деген арнайы субъектіні белгілейді, — деді А. Аймағамбетов.
Бұл тұрғыда Мәжіліс депутаттары адамдардың өмірін құтқаратын ақ халатты жандарға да дәл қорықшыларға берілгендей қорғау мен жауапкершілік тетіктерін енгізуді ұсынды. Қолданыстағы заңнама аясында қорықшының денсаулығына зақым келтірген қылмыскер арнайы бап бойынша қатаң жазаланады.
— Медицина қызметкерлеріне қарсы қылмыстың ерекшелігі неде? Қылмыскер дәрігерді соққыға жыққанда, тек дәрігердің жеке басына зиян келтірмейді. Ол — ұлт саулығын қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастарды бұзады. Хирург мысалына қайта оралайық. Егер бұзақы төбелесте адамның саусағын сындырса, бұл орташа ауырлықтағы зиян. Алайда, егер ота жасайтын хирургтің, немесе нейрохирургтің саусағын сындырса — бұл нағыз апат. Хирургтің қолы — құтқару құралы. Сол саусақтың кесірінен мыңдаған ота тоқтайды. Оның көмегін ала алмаған мыңдаған адам зардап шегеді. Жазаның қатаң болу себебі де — осы. Аурухананың қабылдау бөліміне келсек — ол жылы әрі жайлы кеңсе емес. Ол жерге бәрін әкеледі: кішкентай балалар мен инсульт алған қарияларды да, криминалдық төбелестен кейін пышақталғандар келеді. Сондықтан бұл жер қауіпсіз болуы тиіс, — деді депутат.
Сонымен қатар ол жедел жәрдем қызметкерлері де орасан зор қауіп-қатер жағдайында жұмыс істейтінін айтты.
— Егер біз Қылмыстық кодекс арқылы билік өкілін, орман инспекторын, прокурор мен сотты, полицейді қорғасақ, онда науқастарға көмекке баратын дәрігерді де қорғауға міндеттіміз, — деді Асхат Аймағамбетов.
Еске салсақ, биыл жазда Қостанайда дәрігерді соққыға жыққан бұзақы екі айға қамауға алынды.
Сонымен қатар, маусым айында Қарағанды облысында ер адам екі дәрігерді соққыға жыққаны мәлім болды.