Медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігі сақтандырылмақ
«Денсаулық сақтау субъектілері медицина қызметкерлері кодекстің 64-бабы 1, 2, 3, 4, 5, 8 тармақшаларда көзделген медициналық қызмет түрін жүзеге асырғанға дейін медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру шартын жасасуға міндетті. Медициналық қызметкердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру денсаулық сақтау субъектісі және бірыңғай сақтандыру пулының қатысушысымен жасалатын бірлесіп сақтандыру шарты негізінде жүзеге асырылады. Денсаулық сақтау субъектісі медициналық қызметті медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру шартын жасаспай жүзеге асыруға құқылы емес», - деп жазылған бұйрық жобасында.
Мәлім болғандай, медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру шарты жыл сайын жасалып отыруы тиіс.
«Медициналық қызметті жүзеге асыру нәтижесінде денсаулық сақтау субъектісінің және медицина қызметкерінің пациентке өмірі мен денсаулығына зиян келтіруі бойынша оқиға сақтандыру жағдайы деп танылады», - делінген сақтандыру ережесінде.
Құжат 10 сәуірге дейін көпшілік талқылауда болады.
Қоса кетейік, бұған дейін қазақстандық медицина қызметкерлерінің жалақысы өсетінін жазып едік.