Медициналық пойыздар шалғай станциялардағы үш жарым мыңдай адамға қызмет көрсетті - ҚТЖ

Денсаулық пойыздары ай бойына шалғай станциялар мен жол айырықтарын аралап, жергілікті тұрғындарға білікті медициналық қызмет көрсетеді. Қазіргі кезде бірқатары сырқат жандардың үйіне де барды. «Денсаулық» пойызының бас дәрігері Жарас Қалдыбаевтың айтуынша, тәулігіне 200 адам дәрігерге қаралады. Жұртшылық өкілдері тіс дәрігерінің, басқа да білікті мамандардың жан-жақты кеңестерін алады. Кешенді тексеруінен өтеді. «Барлық шалғай өңірлердің тұрғындары өз уақытында медициналық көмекке жүгіне алмайды. Сондықтан да жергілікті тұрғындар біздің пойызымызды үлкен үмітпен күтеді»,-дейді Жарас Қалдыбаев. Денсаулық пойыздарының аймақтарға шығуы 2010 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Медициналық пойыздардың жұмысын «ҚТЖ» ҰК» АҚ еншілес кәсіпорындары, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар жөніндегі комитетінің «Медициналық апаттың теміржол госпиталі» АҚ, республиканың білікті дәрігерлері қамтамасыз етеді.