Мексика 2015 жылы Астанада дипломатиялық өкілдігін ашады – ҚР СІМ
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Мексикада ресми сапармен жүр.
Сапардың бірінші күнінде Е.Ыдырысов МҚШ Сыртқы байланыс бойынша хатшысы Хосе Антонио Мид Курибренья және Энергетика хатшысы (министр) Ильдефенсо Гуахардо Вильяреальмен кездесті, деп хабарлады сыртқы саяси ведомоствоның баспасөз қызметінен.
Жылы және достық сипатта өткен кездесу барысында Қазақстан және Мексика дипломатиялық мекемелерінің басшылары екіжақты күн тәртібінің бүкіл құрамын қамтып, өңірлік және жаһандық мәселелерді талқылады. А.Мид Курибренья екіжақты қатынастар тарихында тұңғыш рет орын алған қазақстандық министрдің Мексикаға ресми сапарының маңызын атап өтті.
Сұхбаттастар екіжақты қатынастарға мықты серпін берген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен МҚШ Президенті Энрико Пенья Нето арасында 2013 жылы сәуірде Боао халықаралық экономикалық форумы және 2013 жылы маусымда Санкт-Петерборда өткен «үлкен жиырмалық» саммиті аясындағы кездесулерін алға тартты. Орын алып жатқан келіссөздер жоғары деңгейдегі байланыстарды жалғастыру және екі ел басшыларының қол жеткізген уағдаластықтарын орындауға бағытталғаны атап өтілді.
Мексикалық дипломаттың пікірінше, Қазақстан және Мексика бір-бірінен алшақ орналасқандарына қарамастан, олардың ортақ жақтары көп. Атап айтқанда, табиғи ресурстарға бай, географиялық орналасуы да ұқсас, даму басымдықтары мен халықаралық мәселелер бойынша ұстанымдары жақын А. Мид Курибренья атап өткендей, «Мексика Қазақстанды Орталық Азиядағы өзінің басты серіктесі ретінде қарастырады және кең ауқымды өзара тиімді қатынастарды дамытуға мүдделі».
Қазақстандық министр өз кезегінде дүниежүзінің болашағы зор өңірлерінің бірі болып табылатын Латын Америкасы және Кариб бассейні елдерімен байланысты кеңейту ісіне Қазақстан ерекше көңіл бөлетіндігіне тоқталды. «Біз Мексиканы өңірдегі негізгі серіктес ретінде қарастырамыз. Қазақстан және Мескика арасындағы қатынастар сенімділік пен өзара түсінушілікке негізделген, бұл барлық саладағы ынтымақтастықтың дамуына жақсы негіз қалайды. Осы сапар ынтымақтастығымызды сапалы жаңа деңгейге шығарады деп үміттенемін», - деді ол. Сонымен бірге тараптар ғаламдық ядролық қарусыздану және жаппай қырып-жою қаруын таратпау мәселесінде ұстанымдарының ұқсастығын атап өтті.
Сұхбаттастар, сонымен бірге, халықаралық ұйымдар шеңберіндегі ынтымақтастықты талқылады. Қазақстан сыртқы саяси мекемесінің басшысы мексикалық әріптесін 2017-2018 жж. БҰҰ ҚК мүшелігіне ҚР кандидатурасын қолдағаны үшін алғыс білдірді.
Кездесу барысында Е.Ыдырысов Мексикада ҚР Елшілігінің ресми ашылуы туралы хабарлады. А.Меаде қазақстандық тарапқа 2015 жылы Астанада дипломатиялық өкілдік ашу туралы Мексиканың шешімін хабарлады.
Дипломатиялық және қызметтік құжаттардың иелері үшін визалық талаптарды жою туралы үкіметаралық келісімге қол қою келіссөздердің маңызды қорытындысы болды. Бұл келісім екіжақты ынтымақтастыққа қосымша серпін беретін болады деп күтілуде. Сонымен қатар, екі ел СІМ-дері арасында ортақ мүдделер саласында консультациялар тетігін орнату туралы меморандумға, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы мен Матиас Ромеро атындағы дипломаттарды дайындау институты арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, екіжақты мәселелер мен жаһандық мәселелерге байланысты екі ел ұстанымдары бойынша біріккен мәлімдеме қабылданды.
Сол күні Мексиканың Экономика министрлігінің ғимаратында «KaznexInvest» және «ProMexico» агенттіктері бірлесіп ұйымдастырған қазақстан-мексика бизнес форумы өтті. Бизнес-форум жұмысына Е.Ыдырысов пен Мексика Экономика хатшысы (министрі) И.Гуахардо, сонымен қатар Қазақстан мен Мексиканың бизнес топтарының өкілдері қатысты.
Е.Ыдырысов пен И.Гаухардоның жеке кездесуі барысында тараптар екі елдің сауда-экономикалық қатынастарының әрі қарай кеңеюі мәселелерін талқыға салды.
Мексика Қазақстанның Бразилиядан кейінгі ең ірі латынамерикалық сауда әріптесі болып табылады. Қазақстан мен Мексика арасындағы 2013 жылғы сауда айналымы 2012 жылмен салыстырғанда 22%-ға өсіп, 121,4 млн. АҚШ долларын құрады.
ҚР СІМ басшысы өзінің бизнес-форумдағы сөйлеген сөзінде Қазақстан үшін Мексикамен өнеркәсіп, мұнай, мұнай-химия, машина жасау, тау-кен өндіру, металлургия, химиялық, тоқыма өнеркәсібі, тамақ өнеркәсібі, сондай-ақ құрылыс материалдарын өндіру салаларында тығыз ынтымақтастық орнатуға мүдделі екендігін жеткізді. Сонымен қатар, ол жыл сайын Мексикаға әлемнен 20 млн. турист келетінін ескере отырып, туризм саласында да Мексика Қазақстан үшін қызығушылық тудыратынын атап өтті.
Экономикалық тұрғыда мұнай-газ секторының сервистік инжинирингінде, азық-түлік, баламалы энергия көзін өндіру салаларындағы екі ел арасындағы өзара ықпалдастықтың жаңа мүмкіндіктері аталып өтілді.
Бизнес-форум қорытындысы бойынша «KaznexInvest» және «ProMexico» агенттіктері арасында өзара түсіністік туралы Келісімге қол қойылды.
Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының басшысы Митиас Ромеро атындағы институтта тыңдаушылар, профессорлық-оқытушылар құрамы мен дипломатиялық корпус мүшелеріне дәріс оқыды. Е.Ыдырысов заманауи Қазақстан, сыртқы саяси басымдықтар, Қазақстанның өңірлік бірлестіктердегі рөлі, көршілес елдермен қарым-қатынастар, мемлекетіміздің тарихы мен әлеуметтік-экономикалық реформалары жайлы айтып берді. Сонымен қоса, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне 2017-2018 ж.ж. аралығында тұрақты емес мүшелікке кіруі туралы ұсынысы жөнінде және ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге дайындық жұмыстарының негізгі аспектілерін де баяндады.