Мексикадағы Dears қауымдастығына Димаш туралы 60 кітап табысталды

АСТАНА. KAZINFORM — «Алматы кітап» баспасынан жарық көрген «Шексіз музыка» («Бесконечная музыка») атты 60 кітап Алматы қаласынан Мексикаға Димаш Құдайбергеннің жергілікті жанкүйерлер қауымдастығына жеткізілді, деп хабарлайды dimashnews.

Казахстан подарил мексиканским Dears 60 книг о Димаше Кудайбергене
Фото: dimashnews.com

29 тамызда кітаптар Мексикадағы Қазақстан елшілігінде мексикалық Dears өкілдеріне ресми түрде табысталды.

Кітаптарды табыстау рәсіміне Қазақстанның Мексикадағы елшісі Алмұрат Тұрғанбеков, дипломатиялық өкілдік қызметкерлері, елшілік кеңесшісі Ерлан Құбашев, сондай-ақ мексикалық Dears қауымдастығының өкілдері қатысты. Елші Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына шынайы қолдау көрсетіп, Қазақстанға қызығушылық танытып келе жатқан жанкүйерлерге алғысын білдірді.

Кітаптарды табыстау рәсімі Димаштың Мексикада өтетін бірқатар концерттерінің қарсаңында ұйымдастырылды. Қараша айында өнер иесі Мехико, Мерида, Монтеррей және Гвадалахара қалаларында төрт концерт өткізеді. Аталған концерттерге Латын Америкасының өзге де елдерінен жанкүйерлердің келуі күтілуде.

Казахстан подарил мексиканским Dears 60 книг о Димаше Кудайбергене
Фото: dimashnews.com

Концерттер қарсаңында Қазақстанның Мексикадағы елшілігі жергілікті аудиторияны Қазақстанмен таныстыруға бағытталған мәдени бастамаларды одан әрі жалғастыруды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, Димаштың концерттері өтетін төрт қалада Қазақстанға арналған фотокөрмелер ұйымдастыру көзделуде. Бұл бастамаға жергілікті Димаш жанкүйерлері де қолдау білдіріп отыр.

Кездесу барысында Алмұрат Тұрғанбеков қатысушыларға Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан өзгерістер мен жаңғыру үдерістері туралы да ақпарат беріп, екі ел арасындағы достық қарым-қатынастарды одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Елшінің айтуынша, мәдени ынтымақтастық Қазақстан мен Мексика халықтары арасындағы өзара түсіністікті нығайтуда айтарлықтай әлеуетке ие. Осы тұрғыдан алғанда, Димаштың халықаралық деңгейдегі танымалдығы шетелдік аудиторияны Қазақстанмен, оның мәдениетімен және қазіргі даму үдерістерімен таныстырудың маңызды мүмкіндіктерінің біріне айналып отыр.

Бұған дейін Димаш Қарағандыда шахтаға түсіп, балалармен және суретші Күйіковпен кездескенін жазғанбыз.