Мектеп формасы міндетті, ал шаш үлгісі мен макияжға талапты кім қояды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Еліміздегі мектептердің ішкі тәртібі «Білім туралы» заңға сай әзірленеді. Оның ережелері Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығы негізінде дайындалады. Ал тәртіпке бағынбағандар Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске байланысты жазаланады. Kazinform тілшісі мектеп, ата-ана мен балаға арналған ортақ ережелерді, оларды сақтау тәртібін саралады.
Тәртіпке бағынамыз — мектеп директоры
Ақтөбе облысында 400-ден астам білім беру ұйымы бар. Олардың көбі қою көк, қара және сұр түсті таңдап, мектеп формасын бекітті.
Жаңа оқу жылы басталғанда сынып жетекшілері ата-аналар мен оқушылар арасында ашылған ортақ чатқа мектеп формасының үлгісі көрсетілген фотосуреттерді жіберіп, ескерту жасады.
Сонымен бірге білім ордасының ішкі тәртібіне сәйкес кірпік жабыстыруға, артық әшекей тағуға тыйым салынды.
Мәселен, Ақтөбе қаласындағы № 47 жалпы білім беретін орта мектепте 600-ден астам оқушы бар. Еліміздегі өзге де оқу орындары секілді мұнда да мектеп жарғысы бекітілген.
— Мектеп жарғысы — ең маңызды құжат. Онда мектептің ішкі ережесі айқындалады. Бұл 2016 жылы қаңтарда сол кездегі Білім және ғылым министрлігінің бұйрығы негізінде бекітілді. Мектеп формасы үш түстен аспауы тиіс. Ер балалар жейде, көкірекше, шалбар киеді. Шалбарының балағы тобықтан төмен түсіп тұруы тиіс. Қыздарға да шалбар киюге рұқсат. Оларға да классикалық үлгідегі киім кию міндеттеледі. Көбіне белдемше киюді ұсынамыз. Тек қыстың суық күндерінде тоңбауы үшін шалбар киюге рұқсат беріледі. Біздің мектепте қою көк түс таңдалды, — деді № 47 жалпы білім беретін орта мектеп директоры Жадыра Ашықбаева.
Оның айтуынша, мектеп оқушылары боянбайды, шашы да жинақы. Кейінгі кездері ел ішінде талас тудырған ереже мұнда бұрыннан енгізілген.
— Балалар тәрбиелі және ұқыпты. Олар мектептің ішкі ережесін сақтайды. Қолайлы орта, қауіпсіз жер екенін ата-ана да біледі. Біліммен қатар тәрбиеге де мән береміз. Күзет қызметі жұмыс істеп тұр. Үшкір заттар, адам денсаулығына зиян келтіретін дәрі-дәрмекті те мектепке әкелуге болмайды. Мұны тәрбие сағаттарында, кездесулерде айтып отырамыз. Мектеп өз бетінше шара қолдана алмайды, ондай құқық берілмеген. Ата-анамен кездесеміз, психолог мамандар жұмыс істейді, мәселенің шешімін бірге табамыз, — деді мектеп директоры.
Айыппұл — 5 АЕК
Мектеп ішіндегі ішкі ереже ҚР «Білім туралы» Заңы негізінде енгізіледі. Жарғы, ішкі ереже қамқоршылық кеңес пен ата-аналар жиналысында нықтыланады. Негізгі талаппен қатар қосымша ереже енгізуге де рұқсат етілген.
— Мектеп формасы әрбір оқу жылының соңында, яғни, мамыр айында бекітіледі. Киім түсі, үлгісі жаңа оқу жылы басталмас бұрын таңдалады. Сонымен бірге ішкі ереже мектеп әкімшілігі мен ата-ана арасындағы келісімшартта көрсетіледі. Қандай да бір артықшылық берілмейді, яғни, бас киімнің кез келген түріне шектеу бар. Бәріміз де ғимаратқа кіргенде бас киімді шешеміз ғой. Сонымен бірге тым қысқа белдемше де киюге болмайды. Егер оқушы ішкі тәртіп ережесін сақтамаса, бас киім киіп, шашын бояп келсе бірінші ескерту беріледі. Ата-анасын да шақырады. Бірнеше рет ескерту жасалып, түсіндіру жұмысы жүргізіледі. Содан кейін де тәртіпке бағынбаса, облыс, қала, аудан әкімдіктері жанындағы кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясының қарауына шығарылады. Комиссия қосымша уақыт береді, жағдайды бақылауға алады. Егер ештеңе өзгермесе әкімшілік іс қозғау үшін материалдар жинақталып, облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментіне жолдайды. Материалдарды қарап Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 409-бабына сүйеніп ескерту береміз немесе 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. «Білім туралы» Заңның 49-бабында ата-аналардың міндеті анық көрсетілген, — деді Ақтөбе облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнар Сәрсенғалиева.
Иә, «Білім туралы» Заңның 49-бабында ата-аналардың және өзге де заңды өкілдердің құқықтары мен міндеттері жазулы. Онда «білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды орындауға», «білім беру ұйымында белгіленген киім формасын сақтауға» міндеттеледі.
Ал Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 409-бабында «ата-аналардың немесе өзге де заңды өкілдердің Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасында көзделген міндеттерді орындамауы немесе тиісінше орындамауы ескерту жасауға немесе бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады» деп жазулы.
Заңға сүйенген министрлік бұйрық шығарып, мектеп формасына қатысты талапты бекіткенімен, шаш үлгісі, оны бояу, тырнақ пен кірпіш жабыстыру, бояну секілді шектеулер ішкі ережеде қаралады. Ата-аналар жиналысы, қамқоршылық кеңесінде енгізіледі.
— 2006 жылы киім үлгісін сақтамағаны үшін 7 әкімшілік іс қозғалды. Оларға ескерту берілді, кейбіріне айыппұл салынды, — деді Гүлнар Сәрсенғалиева.
Айта кетейік, мектептің ішкі ережесін бекітуге қатысатын қамқоршылық кеңесі мүшесінің саны тақ болуы тиіс. Ең кемі — 7 адам. Олардың арасында жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының, қоғамдық бірлестіктің өкілдері болады. Сонымен бірге БАҚ өкілдері кіреді.
Жас теріні бүлдіріп алатын оқушылар да, студенттер де бар — дерматовенеролог
Жаңа оқу жылында жаңа ережелер бекітіліп, «боянуға болмайды» деген талап көптің талқысын тудырды. Бірі құптаса, бірі қарсы шықты. Қарсы тарапта дәрігерлер де бар.
№ 2 қалалық көпсалалы ауруханасы тері-венерология орталығының аға дерматовенеролог дәрігері Самал Жолаеваның айтуынша, жас теріні қорғау үшін екі мезгіл жылы сумен жуу жеткілікті. Ал беттегі безеуді жалғыз косметолог кетіре алмайды. Қабынуды басу уақытша шешім, ал оның негізі іш құрылысы ауруы.
— Жасөспірімдерде кездесетін тері ауруларының бірі — безеу. Медицинада оны акне деп те атайды. Адам бетіне безеу шықса оның себебін іздеген дұрыс. Гормондық және іш ағзаларындағы өзгерістер әсер етеді. Күйзеліс те жүйкені бұзады. Кейде бет күтіміне немқұрайлы қарайды. Мұндайда жасөспірім қыздардың опа-далап қолданбағаны дұрыс. Түрлі тондық крем қолдану зиянды. Балалар таңертең және кешке бетті жууға арналған гель пайдаланса болады. Онда да құрамында қышқылы аз болуы тиіс. Тіпті жылы сумен жуса да жеткілікті. Дәрігер ретінде жасөспірім шақта боянып, түрлі тоналды крем жаққанды қолдамаймын. Химиялық қоспалар жұқа әрі нәзік теріні бүлдіріп, қабыршақтануына, бөртпенің пайда болуына әкеледі, — деді № 2 қалалық көпсалалы ауруханасы тері-венерология орталығының аға дерматовенеролог дәрігері Самал Жолаева.
Дәрігер түрлі косметиканы тек 25 жастан асқанда қолдануға кеңес береді. Оған дейін тек бет күтімін жасаған жөн. Бұл адамның табиғи сұлулығын сақтауға септігін тигізеді.
— Қазір жас кезінен бетке күтім жасау керек деген түсінік пайда болған. Ол дұрыс емес. Жасы егде тарта келе майлылығы артып, бөгде бөліністер пайда болады. Стреске түсіп, түрлі ауруға шалдыққанда тері қалпы өзгереді. Ал жасөспірімдерде терінің ылғалдылығы қалыпты болады. Түрлі косметиканы төменгі сынып оқушыларының қолданбағаны жөн. Қазір брендтің жарнамасы өтімді. Әсіресе кәрістер өніміне таңдау көп. Бірі көшірме, бірі түпнұсқа. Арзан дүниені алса, кері әсерін беруі ықтимал. Алғаш қолданғанда жақсы әсер бергенімен уақыт өте келе оның да зияны тиюі ықтимал. Терінің саңылауын бітегенде майлылығы артып, безеу шығады, — деді дәрігер.
№ 2 қалалық көпсалалы ауруханасы тері-венерология орталығына бет терісі проблемаларымен келетін бойжеткендер де, бозбалалар да бар. Шаш бояу, кірпік жабыстыру, бет жуу кезінде аллергиялық реакция беріп, мамандардан көмек сұрайды.
— Бет жууға арналған түрлі өнімді пайдаланып, бөртіп, іріңдеп келгені де кездеседі. Безеуді жасыру үшін тондық крем жағады. Одан тері саңылаулары бітеліп, іріңдеп, асқынады. Қыздар да, ер балалар да келеді. Жасөспірімдерде кеуде, арқа, иықтың айналасына да безеу шығады. Оны дерматолог мамандар қарайды. Асқыну сатысына қарай ем қабылдайды. Жеке клиникаға жүгінгенде маманның жай косметолог емес, дерматолог-косметолог екеніне көз жеткізген абзал, — деді ол.
Бұған дейін жаңа оқу жылындағы өзгеріс жайлы жазылды.
Баланың қауіпсіздігі, тәрбиесі және әдеп мәдениеті білім беру жүйесінің ажырамас бөлігі болуға тиіс. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Астанада өтіп жатқан Тамыз конференциясында айтты.