Мектеп формасына сай емес киім киген оқушыны сабақтан шеттетуге болмайды – министрлік
АСТАНА. KAZINFORM – Мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтамаған оқушыны мектепке кіргізбеуге немесе сабақтан шеттетуге болмайды. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова мәлімдеді.
Оның айтуынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, баланы оқу процесінен шеттетуге жол берілмейді.
– Бала сапалы білім алуға құқылы. Сондықтан оқушыны мектепке кіргізбеуге болмайды, – деді Шынар Ақпарова.
Сонымен қатар бірінші вице-министр ата-аналар мен білім алушылардың мектеп формасына қатысты белгіленген талаптарды сақтауы тиіс екенін атап өтті.
– Алайда Қазақстан Республикасының заңнамасы бар екенін және оның талаптары орындалуы тиіс екенін атап өткім келеді. Бұл талаптар Қазақстан Республикасының Конституциясында да бекітілген. Білім алушыларға қатысты талаптар «Білім туралы» заңның 47-бабында, ал ата-аналардың міндеттері 49-бапта көрсетілген. Ата-аналар білім беру ұйымы белгілеген мектеп формасын сақтауын қамтамасыз етуге міндетті, – деді спикер.
Мектеп формасына қойылатын талаптарды білім беру ұйымы ата-аналар қауымдастығымен және қамқоршылық кеңеспен бірлесіп айқындайды.
– Мектеп формасы білім беру ұйымы тарапынан бекітіледі. Оның талаптарын сақтамаған жағдайда заңнамада тиісті жауапкершілік қарастырылған, – деп толықтырды бірінші вице-министр.
Айта кетейік, мектептегі аралық бағалау не үшін керек екенін жазғанбыз.