Мектеп түлектерінің өндірістік мамандықтарға қызығушылығы жоғары— ғылыми қызметкер
Kazinform тілшісі Қазақ қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтының Астана қаласындағы филиалының аға ғылыми қызметкері Толғанай Ерболатпен тілдесіп, осы саладағы түйткілді мәселелер туралы сұрап білді.
– Толғанай, бұл мамандықты таңдауыңыздың сыры неде?
– Мамандықты ата-анаммен бірге таңдадым, таңдау кезінде ақыл бергені үшін оларға ризамын. А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде оқыдым. Тәжірибеден өту кезінде азық-түлік және өңдеу өнеркәсібіндегі түрлі әдіс-тәсілдерді, технологияларды көрдім. Бұл мені қызықтырды. Оқуым аяқталған соң, өмірімді ғылыммен байланыстыру туралы шешім қабылдап, С. Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-ға оқуға түсіп, магистрант атандым.
– Ғылыми тәжірибеңіз аз болса да осы уақыт аралығында белгілі бір нәтижелерге қол жеткізіп үлгердіңіз бе?
– Иә, бұл салада жұмыс істеп жүргеніме 3 жылдай уақыт болды. Жетістіктер жылдан жылға көбейіп келеді. Биыл мен ТМД-ның Үздік жас ғалымы атандым. Қазақ тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтының Астана қаласындағы филиалында «Өсімдік шикізатынан функционалды кілегейлі-өсімдік спредтерін жасау» тақырыбындағы жобаға басшылық етемін. Жоба аясында осы жылы Катардың Доха қаласында өткен Халықаралық агроөнеркәсіп кешені көрмесіне қатысып, Қазақстан атынан әзірлемелерімізді таныстырдық.
– Ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі күрделі сала екенін білеміз. Қазақстанда бұл сала ет, сүт, нан өнімдері, сусындар, май және тоң майлар өндірісімен танымал. Бірақ өнеркәсіпте толыққанды дамып, алға жылжу үшін нақты қандай мәселелерді шешу қажет деп ойлайсыз?
– Қазақстанда әр саланың өз қиындықтары мен проблемалары бар. Бұл, мысалы, инфрақұрылымның жеткіліксіздігі (кейбір аймақтарда замануи инфрақұрылым болмауы мүмкін, бұл шикізат пен дайын өнімді тасымалдауды қиындатады), бәсекеге қабілеттіліктің төмен болуы (кәсіпорындар өндіріс тиімділігі саласында және нарықтағы өнімнің бәсекеге қабілеттілігі бойынша проблемаларға тап болуы мүмкін), шикізат сапасы (өндіріс үшін жоғары сапалы шикізатты алуда қиындықтар туындауы мүмкін және тамақ өнімдерінің қауіпсіздігіне қойылатын талаптар), сондай-ақ сапа стандарттары. Осы проблемаларды жою үшін инфрақұрылымды одан әрі дамыту, қызметкерлерді оқыту, заманауи технологияларды енгізу және саладағы инновацияларды ынталандыру керек.
Өнеркәсіптің дамуын қиындататын тағы бір фактор – қаржыландырудың жеткіліксіз болуы. Қаржының жоқтығы шағын және орта бизнесті тұралатады.
– Ғылым мен өндірістің байланысы туралы айтып беріңізші.
– Қазақстан Республикасындағы ғылым мен өңдеу өнеркәсібінің байланысы ел экономикасының инновациялық дамуы үшін стратегиялық маңызға ие. Ғылыми зерттеулер мен инновациялар технологиялық прогрестің, өндіріс тиімділігін арттырудың және бәсекеге қабілетті өнім жасаудың қозғалтқышына айналуы мүмкін. Бұл бірнеше аспектіні қамтиды: ғылыми-зерттеу жұмыстары, университеттер мен кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастық, мемлекеттік қолдау, білім беру және кадрларды даярлау. Ғылым және қайта өңдеу өндірісі арасындағы байланыс үкімет, бизнес секторы және білім мекемелері тарапынан жүйелі және стратегиялық көзқарасты талап етеді. Бұл салалардың өзара әрекеттесуі елдегі инновациялар мен технологиялық даму үшін қолайлы жағдай жасай алады.
– Қазіргі кезде мектеп түлектерінің өндірістік мамандықтарға қызығушылығы қалай? Кадр нарығында да технолог мамандар басымдыққа ие ме?
– Мектеп бітіріп, бұл мамандықты таңдап жүргендер қатары көбейіп келеді. Менің таңдаған мамандығымның (Азық-түлік өндірісінің технологиясы — ред.) күннен күнге сұранысқа ие болып жатқанын да көріп жүрмін. Бүгінде көптеген қайта өңдеу және азық-түлік кәсіпорындарының өз зертханалары бар. Сондықтан мұндай өнеркәсіп орындарында қызмет істейтін технологтар қазір өте қажет және жұмыс берушілер арасында бұл мамандық үлкен сұранысқа ие.
– Әңгімеңізге рахмет!