Мектепте жыныстық тәрбие туралы пән енгізу керек пе – министр жауабы
АСТАНА. KAZINFORM – Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектеп бағдарламасына жыныстық қатынас тәрбиесін енгізуге қатысты пікір білдірді.

Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында ведомство басшысына «Мектепте жыныстық тәрбие беретін пән енгізу керек пе?» деген сауал қойылды.
- Менің ойымша, ең алдымен ата-аналардың жауапкершілігін арттыру дұрыс болады, өйткені бұл әрдайым солай болған, яғни отбасында тәрбиеленген. Сол себепті біз арнайы ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтарын аштық. Мен психологтарға сол жерде ата-аналарды балалармен қалай қарым-қатынас жасау керек, балаларды қалай тәрбиелеу керек деген мәселелер бойынша барынша ағарту жұмыстарын жүргізсін деп тапсырма бердім, - деп жауап берді Ғани Бейсембаев.
Осылайша, министр жалпы тәрбиемен қатар жыныстық қатынасқа қатысты тәрбиені де бала ата-анадан алуы тиіс деп есептейді.
- Әрине, мектеп те бұл жауапкершіліктен қашпайды, бірақ бүкіл жауапкершілікті тек мектепке арту дұрыс емес деп ойлаймын. Мектеп бұл жауапкершіліктен бас тартып жатқан жоқ. Біз «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында тиісті іс-шаралар өткізіп жатырмыз, бірақ тікелей жыныстық қатынас мәселесі емес. Бұл тәрбие, ең алдымен, ата-аналар тарапынан жүргізілуі тиіс. Сондықтан, ата-аналар осы іспен айналысса, бұл өте жақсы болады деп санаймын. Біз бұл бағытта қолдау көрсетеміз,- деп толықтырды ведомство басшысы.
Министрдің мәлімдеуінше, жақын арада мектептерде жыныстық қатынас тақырыбын қозғайтын пән немесе сабақ оқытылмайды.
Айта кетейік, Үкімет басшысы мектеп бітіру кешінде балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажеттігін айтты.