Мектептерде «Конституция негіздері» мен «Заң мен тәртіп» курстары оқытылады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мектептерінің оқу бағдарламасына «Конституция негіздері» және «Заң мен тәртіп» курстары енгізіледі. 

Мектептерде «Конституция негіздері» мен «Заң мен тәртіп» курстары оқытылады
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Мемлекет басшысы бұл пәндер жастарға Конституцияны құрметтеп, заң талаптарын сақтаудың маңызын түсіндіруге бағытталатынын айтты.

Президент оқу бағдарламалары мен оқулықтарды жаңа Конституцияның идеяларына сәйкестендіруді тапсырды.

Президент тапсырмасымен осы жылдан бастап мектептерде «Құқық негіздері» пәні оқытылатын болды. Бұдан бөлек, оқу бағдарламасына «Конституция негіздері» және «Заң мен тәртіп» курстары енгізіледі.

— Тек заңды сақтайтын, Конституцияны сыйлайтын жастар ғана жарқын келешекке, мол табысқа қол жеткізеді, түсінікті тілмен айтсақ, бақытты өмір сүреді. Ал заңға немқұрайлы қарайтын, заң ережелерін бұзып жүрген жастар қылмыстық жазасын алып, өз өміріне балта шабуда. Өкінішке қарай, бұл өте қарапайым ақиқатты көптеген жас азаматтар білмейді де, түсінбейді де. Біздің міндет — оларға өмірдің осы шындығын түсіндіріп айту, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев елордада республикалық Тамыз конференциясында.

Оның айтуынша, оқулықтардың мазмұны заман талабына, сондай-ақ, жаңа Конституция идеяларына сай болғаны өте маңызды.

— Осы міндеттің сапалы әрі уақтылы орындалуына Үкімет пен тиісті министрлік тікелей жауапты, — деді Мемлекет басшысы.

Бұған дейін Президент 7 мың бала қант диабетіне шалдыққанын айтып, фаст-фуд жарнамасын мұқият зерделеуді тапсырған еді.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев 16 жасқа толмағандардың әлеуметтік желіде тіркелуіне тыйым салу туралы заң жобасын Құрылтайда қарауды ұсынып, балаларға арналған SIM-карталарды енгізуді тапсырды.