16 жасқа дейін әлеуметтік желіге тыйым, міндетті SIM-карта: Президент бала саулығын қорғайтын заң қабылдауды ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 16 жасқа толмағандардың әлеуметтік желіде тіркелуіне тыйым салу туралы заң жобасын Құрылтайда қарауды ұсынып, балаларға арналған SIM-карталарды енгізуді тапсырды. 

16 жасқа дейін әлеуметтік желіге тыйым, міндетті SIM-карта: Президент бала саулығын қорғайтын заң қабылдауды ұсынды
Фото: reporteri.net

Өз сөзінде Президент әлеуметтік желілер, цифрлық платформалар, жасанды интеллект пен агрессивті маркетинг балалар дүниетанымына отбасы мен мектептен кем әсер етпейтінін атап өтті.

— Өскелең ұрпақтың психологиялық саулығы мен эмоциялық тұрақтылығы, адамгершілік тәрбиесі ұлттық қауіпсіздікке және елдің орнықты дамуына ықпал ететін маңызды факторға айналды. Қазіргі жағдай 2018 жылы қабылдаған «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» Заңды қайта қарауды және елеулі өзгерістер енгізуді талап етеді, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев елордада республикалық Тамыз конференциясында.

Биыл маусым айында Үкімет 16 жасқа толмаған пайдаланушыларға әлеуметтік желіде тіркелуге тыйым салатын заң жобасын әзірлеп, Парламент қарауына ұсынған еді.

— Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуында депутаттарға осы мәселені қарастыруды ұсынамын. Көптеген озық елдер осы іспеттес шаралар қабылдады. Бізге де балалардың психологиялық жай-күйіне төнген қауіптің салдарымен күресуді доғарып, алдын алатын кез келді деп ойлаймын. Әйтпесе бұл қоғамның тұрақтылығына кері әсерін тигізеді, — деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, Үкімет балаларды қорғау мақсатында контентті сүзгіден өткізу шараларын қабылдағаны жөн.

— Белгілі бір, мейлінше объективті себептерге байланысты жауапкершілікті ата-аналарға ғана артып қоя алмаймыз. Сондықтан балаларға арналған міндетті SIM-карталарды енгізу тәжірибесін жаппай таратуды тапсырамын. Бұл олардың ақпараттық иммунитетін қамтамасыз ете алады, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін Президент Астанада Қазақстан-Қытай жасанды интеллект мектебін ашуды ұсынған еді.

«Ұлттық қор — балаларға» жобасы арқылы 7 млн баланың есепшотына ақша түскен.

Бұған дейін Мемлекет басшысы мектептерге ЖИ енгізу тапсырмасы тиісті деңгейде орындалмағанын сынаған еді.

Президент балалар мен педагогтердің ЖИ-ді дұрыс әрі жүйелі қолдану тәртібін белгілейтін пәрменді шараларды шұғыл қабылдауды тапсырды.

Сондай-ақ Президент әлеуметтік желіде білім беру саласына қатысты негізсіз дау-дамай мен айқай-шудың көбейгенін сынға алды.