«Ұлттық қор — балаларға»: 7 млн баланың есепшотына ақша түсті

АСТАНА. KAZINFORM — «Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасы іске қосылғалы 7 миллионға жуық қазақстандық баланың есепшотына қаражат аударылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастаманы балаларды қолдау бағытындағы еліміздің маңызды жетістіктерінің бірі деп атады.

Ұлттық қор — балаларға
Фото: Астана әкімдігі

Президент балаларды қорғау және олардың жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасау — аса маңызды міндет әрі мемлекет саясатындағы негізгі басымдықтың бірі екенін еске салды.

— ЮНИСЕФ Қазақстанның осы салада Орталық Азия елдеріне ғана емес, Еуропадағы бірқатар мемлекетке үлгі бола алатынын мәлімдеп отыр. Бұл халықаралық ұйымға ризашылығымды білдіремін. Шын мәнінде, біз бұл бағытта көп жұмыс атқардық. 2024 жылдан бері «Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасы аясында 7 миллионға жуық баланың есепшотына қаражат аударылды, — деді Қ. Тоқаев елордада республикалық Тамыз конференциясында.

Оның айтуынша, 2024 жылы — 695,5 миллион доллар, 2025 жылы — 888,8 миллион доллар, 2026 жылы — 901,7 миллион доллар қаражат аударылған.

— Бұл жұмыс еліміздің үлкен жетістігі екені сөзсіз. Көптеген мемлекет балаларға арналған осындай ауқымды қолдау саясатын жүргізе алмай отыр, — деді Мемлекет басшысы.


Жыл басынан бері елімізде «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы жүзеге асырыла бастады. Бұл құжатта өскелең ұрпақты қолдауға арналған шаралардың бәрі көрініс тапты.


Барлық аймақта балалардың құқықтарын қорғау басқармалары, сондай-ақ, психологиялық қолдау орталықтары құрылды. Бұған қоса, инклюзивті білім беру жүйесі қарқынды дамып келеді.

— Бірақ шешімін таппаған түйткілдер де бар. Мәселен, ақпараттың шамадан тыс көбейіп кетуі қоғамға, соның ішінде жас ұрпаққа кері әсерін тигізе бастады. Мұндай ахуал азаматтардың жұмыс қабілетін төмендетеді. Бұл, әсіресе, болмыс-бітімі енді қалыптасып келе жатқан балалар үшін өте қауіпті, — деді Президент.

Бұған дейін Мемлекет басшысы мектептерге ЖИ енгізу тапсырмасы тиісті деңгейде орындалмағанын сынаған еді.

 

Президент балалар мен педагогтердің ЖИ-ді дұрыс әрі жүйелі қолдану тәртібін белгілейтін пәрменді шараларды шұғыл қабылдауды тапсырды.


Сондай-ақ Президент әлеуметтік желіде білім беру саласына қатысты негізсіз дау-дамай мен айқай-шудың көбейгенін сынға алды.