Тапсырма тиісті деңгейде орындалмады: Президент мектептерге ЖИ енгізу жұмысын сынады

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев орта білім беру жүйесіне ЖИ енгізу тапсырмасының тиісті деңгейде орындалмағанын сынға алды. Президент балалар мен педагогтердің ЖИ-ді дұрыс әрі жүйелі қолдану тәртібін белгілейтін пәрменді шараларды шұғыл қабылдауды тапсырды.

Токаев
Фото: Ақорда

Биыл мамыр айында Президент Орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні ендіру жөніндегі шаралар туралы арнайы Жарлыққа қол қойды.

– Алайда жаңа оқу жылының қарсаңында тапсырма тиісті деңгейде орындалмады. Бұл үлкен кемшілік. Себебі неде? Бәрібір технология қарыштап дамыған заманда мұндайға жол беруге болмайды. Балалар мен педагогтердің жасанды интеллектіні жүйелі әрі дұрыс қолдану тәртібін белгілейтін пәрменді шараларды шұғыл қабылдау қажет, – деді Қ. Тоқаев елордада республикалық Тамыз конференциясында.

Оның айтуынша, жастар, әсіресе, ауыл жастары цифрлық құрылғыларды, мәселен, смартфонды тұрақты табыс табуға пайдалана білуі керек.

– Сіздерді құлаққағыс етейін, Жолдауда осы жөнінде нақты міндет қоямын. Бізге цифрлық мемлекеттен цифрлық халық экономикасы деген түсінікке көшу қажет. Басқаша айтқанда, жасанды интеллект пен оның мүмкіндіктері ермек емес, кіріс көзі болуға тиіс, – деп ескертті Мемлекет басшысы.

Жоғары білім саласында ЖИ-ді пайдаланудың этикалық, құқықтық және ұйымдастыру ерекшеліктерін ескеретін ортақ стандарт бар. Енді Үкімет дәл осындай стандартты орта және кәсіптік-техникалық білім беру жүйесіне де енгізуі қажет.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Президент «Өрлеу» орталығын сынға алып, педагогтерді аттестациялау талаптарын жеңілдетуді тапсырған еді.

Президент мұғалімдерді қағазбастылықтан, аттестациядан және пайдасыз тексерістерден босатуды тапсырды.

Сондай-ақ Президент әлеуметтік желіде білім беру саласына қатысты негізсіз дау-дамай мен айқай-шудың көбейгенін сынға алды.