Президент «Өрлеу» орталығын сынға алып, педагогтерді аттестациялау талаптарын жеңілдетуді тапсырды
АСТАНА. KAZINFORM — Мұғалімдердің аттестациядан өту талаптары қайта қаралып, артық жүктеме мен қағазбастылықты азайтуға бағытталған өзгерістер енгізіледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев педагогтерді аттестациялау жүйесін оңтайландыру жөнінде Үкіметке тапсырма берді.
— Өздеріңізге мәлім, мұғалімдерге кәсіби қолдау көрсету үшін «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы құрылды. Бірақ бүгінде бұл ұйымның жұмысы мардымсыз деуге болады. Мәселен, маған ұстаздардан аттестация ережесін қайта қарау туралы көптеген өтініш келіп түсті. Мұғалімдер артық жүктеменің және қағазбастылықтың көп екенін айтып, шағымданып отыр, — деді Президент елордада республикалық Тамыз кеңесінде.
Осыған орай, Мемлекет басшысы педагогтерді аттестациядан өткізу талаптарын оңтайландыру, жетілдіру жөнінде нақты тапсырма бергенін хабарлады.
— Бұл жерде бағалаудан мүлде бас тарту немесе оны күрделендіру туралы сөз болып отырған жоқ. Білімді әділ бағалау — білім беру жүйесінің өзегі. Бізге мейлінше түсінікті әрі ашық жүйе керек. Бұл — өте маңызды мәселе, оны қарастырған кезде жоғары жауапкершілік пен мінсіз кәсібилік таныту қажет. Тиісті министрлік бұл мәселемен айналысып, көп ұзамай нақты ұсыныстар беруге тиіс, — дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен бірге, Президент біліктілікті көтеру бағдарламаларына жаңа Конституция құндылықтарын, сондай-ақ, «Заң мен тәртіп», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» идеяларын енгізуді ұсынып, мұны қызметтік міндет деп айтуға болатынын жеткізді.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге тағы бес мыңнан астам мұғалім жетіспейтінін айтқан еді.
Сондай-ақ Президент еліміздегі мектеп құрылысын жандандыруды тапсырды.