Президент Астанада Қазақстан-Қытай жасанды интеллект мектебін ашуды ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда жасанды интеллект саласына маман даярлау ісін мектеп қабырғасынан бастап күшейту қажет. 

Президент Астанада Қазақстан-Қытай жасанды интеллект мектебін ашуды ұсынды
Фото: Kazinform/ЖИ

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Қазақстан-Қытай жасанды интеллект мектебін ашу мәселесін пысықтауды тапсырды.

— Қыркүйекте Жасанды интеллект университеті ашылады. Бірақ бұл жеткіліксіз деп ойлаймын. Үкімет Қытайдың жаңа технологияларды меңгерудегі жетістігі мен тәжірибесін ескере отырып, Астанада Қазақстан-Қытай жасанды интеллект мектебін ашу мәселесін пысықтағаны жөн, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев елордада республикалық Тамыз конференциясында.

Бұған дейін Мемлекет басшысы мектептерге ЖИ енгізу тапсырмасы тиісті деңгейде орындалмағанын сынаған еді.

Президент балалар мен педагогтердің ЖИ-ді дұрыс әрі жүйелі қолдану тәртібін белгілейтін пәрменді шараларды шұғыл қабылдауды тапсырды.

Сондай-ақ Президент әлеуметтік желіде білім беру саласына қатысты негізсіз дау-дамай мен айқай-шудың көбейгенін сынға алды.