Мектептерге оқулықтарды жеткізу мен тарату толық аяқталды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан мектептеріне жаңа оқу жылына қажетті барлық оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер толық жеткізілді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы хабарлады.
Орталықтың дерегінше, оқулықтарды білім беру ұйымдарына жөнелту 100 пайызға орындалды. Өтінімдерді қалыптастыру және олардың сатып алуын қаржыландыру дәстүрлі түрде жергілікті атқарушы органдардың есебінен жүзеге асырылды.
- Жаңа оқу жылына орай 7, 8, 10 және 11-сыныптарға арналған қайта басылған оқулықтар, сондай-ақ бастауыш буынға арналған жаңа басылымдар мектептерге жеткізілді. Әсіресе 4-сыныпқа арналған «Орыс тілі» (қазақ мектептері үшін), ағылшын, неміс, француз тілдері, «Еңбекке баулу», «Бейнелеу өнері», «Цифрлық сауаттылық» және «Жаратылыстану» (қазақ және орыс тілдерінде) пәндерінен жаңа оқулықтар әзірленді. Сонымен қатар 3-сыныптарға ұйғыр және өзбек тілдеріндегі оқулықтар жарық көрді, - делінген ақпаратта.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқулықтармен қамтамасыз ету бойынша да жұмыс атқарылды. Көру қабілеті бұзылған және нашар көретін оқушыларға арналған арнайы басылымдар дайындалды. Атап айтқанда: «Қазақ тілі» (1–3-сыныптар), «Жаратылыстану» (1–4-сыныптар), «Орыс тілі» (2–4-сыныптар), «Дүниетану» (2–3-сыныптар), сондай-ақ «Химия» және «Биология» (7–10-сыныптар, қазақ және орыс тілдерінде).
Орта және жоғары сыныптарға да жаңартылған оқулықтар шығарылды. 7-сынып үшін – «Қазақ әдебиеті», «Қазақ тілі мен әдебиеті» (орыс тілінде оқытатын мектептерге), «Орыс тілі», «Орыс әдебиеті», сондай-ақ «Орыс тілі мен әдебиеті» (қазақ мектептері үшін) оқулықтары қайта басылды. Бұдан бөлек, алгебра, геометрия, ағылшын тілі, физика, биология, химия, Қазақстан тарихы және көркем еңбек пәндері бойынша да жаңа басылымдар дайындалды.
Сонымен бірге «Қазақстан географиясы» (7–8-сыныптар), «Қазақстан тарихы» (8-сынып), «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» (10–11-сыныптар), «Құқық негіздері» (11-сынып) оқулықтары жаңартылып, мектептерге жеткізілді.
Айта кетейік, есту қабілеті зақымдалған балаларға арналған 36 оқулық пен оқу-әдістемелік кешен әзірленеді.