Мелания: АҚШ-тың бірінші ханымы туралы фильмге сыншылар не дейді

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-тың бірінші ханымы Мелания Трамп туралы «Мелания» атты деректі фильм өткен аптаның соңында әлемдік прокатқа шыққаннан кейін көрермендер тарапынан көптеген теріс пікір мен киносыншылардың өткір сынына ұшырады, деп жазады ВВС.

Фильм о первой леди США «Мелания» удивил прокат неожиданным успехом
Фото: x.com/@MELANIATRUMP

Соған қарамастан, Box Office Mojo жобасының дерегіне сәйкес, 30 қаңтар мен 1 ақпан аралығындағы демалыс күндері фильм АҚШ прокатында кассалық табыс бойынша үшінші орынға шыққан.

Box Office Mojo дүйсенбі күні «Мелания» фильмі алғашқы сенбі-жексенбіде 7 миллион доллардан астам табыс тапқанын хабарлады. Ал сыншылар прокаттың алғашқы үш күнінде картина 5 миллион долларға да жетпейді деп болжаған еді.

Фильмде 2025 жылдың қаңтарында күйеуі Дональд Трамптың инаугурациясына дейінгі кезеңдегі Мелания Трамптың өмірінен алынған 20 күн суреттеледі.

Деректі туындыда Мелания Трамптың салтанатты рәсімге дайындық барысындағы жеке кездесулері, отбасы мүшелерімен және жақын адамдарымен бірге түскен аздаған көріністер көрсетілген.

Көптеген киносыншылар фильм прокатқа шықпай тұрып-ақ оған күмәнмен қараған. Ал алғашқы көрсетілімдерден кейін жойқын рецензиялар жарияланды.

The Guardian газетінің шолушысы Ксан Брукс бұл туындыны «бірде-бір оң қасиеті жоқ сирек фильм» деп атады.

– Мен тіпті мұны деректі фильм деуге болатынына сенімді емеспін. Бұл, бәлкім, өте мұқият жасалған таксидермия туындысы шығар: аса қымбат, қол тигізсең мұздай сезіледі және ашкөз патшаны разы етуі тиіс ортағасырлық алым ретінде ұсынылған, – деп жазды сыншы.

Ал Vanity Fair журналы режиссер Бретт Ратнер түсірген бұл картинаны жалған деректі фильм деп атады.

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ-тың бірінші ханымы туралы фильм жарыққа шығатыны хабарланған болатын.

Соңғы жаңалықтар