Мемлекет алғашқы баспанасын алғысы келетін азаматтарды қолдауы керек – Ләззат Ибрагимова
АСТАНА. KAZINFORM – Тұрғын үй нарығындағы бағаның шарықтауына не себеп және оны тұрақтандыру үшін қандай шаралар қажет? Бұл туралы Отбасы банкінің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова BIZDIÑ ORTA подкастында айтты.
Ләззат Ибрагимова тұрғын үй нарығында инвестициялық баспананың үлесі шамадан тыс артқанын айтты. Оның пікірінше, бағалы қағаздар секілді қаржы құралдарына инвестиция салу үшін арнайы білім қажет. Инвестор қай акция мен облигацияның тиімді екенін және қай компанияға қаржы құю керек екенін жіті түсінуі тиіс. Сондай-ақ ол акциялар нарығы ұзақ мерзімге негізделгенін атап өтті. Сарапшының сөзінше, тұрақты табысқа қаржыны кемінде 5–10 жылға инвестициялаған жағдайда ғана қол жеткізуге болады.
– Қазақстандағы инвесторлар қысқа мерзімде табыс табуға үйренген. Мәселен, қаңтарда 20 млн теңге салып, жыл соңына қарай оны 30 млн теңгеге сатып, 10 млн теңге пайда көргісі келеді. Көпшілігі 50 пайыздан жоғары табыс күтеді. Инвестициялық тұрғын үй нарығының қарқынды дамуына да осы үрдіс әсер етіп отыр, - деді Ләззат Ибрагимова.
Сарапшы үшінші не төртінші баспанасын алуды көздеген азаматтарға инвестицияның балама түрлерін қарастыруға кеңес беретінін айтты. Оның сөзінше, көп жағдайда адамдар асығыс үй сатып алып, нарықтағы сұранысты қолдан арттырып, өзіне қажет емес пәтерлерді иеленіп жатады.
– Тұрғын үй нарығын реттеу үшін қатаң шаралар қажет. Соның ішінде бесінші, алтыншы және одан кейінгі пәтерлерді сатып алуды шектеу мақсатында салықтық жүктемені күшейтуге болады. Сонда баға нарығы да біршама тұрақтанып, бір деңгейде қалыптасады, - деді ол.
Спикер сөзінше, бүгінгі басты мәселе – тұрғын үй нарығындағы теңсіздік. Біреулер алғашқы пәтерін алуға мүмкіндігі жетпей жүрсе, енді біреулер бесінші немесе алтыншы баспанасын сатып алып жатыр.
– Менің жеке ұстанымым бойынша, «Отбасы банк» жүзеге асырып отырған барлық тұрғын үй бағдарламалары ең алдымен баспанасы жоқ азаматтарға бағытталуы тиіс. Мемлекет барлығына бірдей көмек көрсете алмайды және оған міндетті де емес, алайда өздерінің алғашқы пәтерін алғысы келетін азаматтарды қолдауы қажет, - деп атап өтті Ләззат Ибрагимова.
Осыған байланысты қазіргі уақытта «Отбасы банк» өнімдері төрт негізгі санатқа шоғырланған. Біріншісі – көпбалалы отбасылар. Екіншісі – дамуында ерекшелігі бар немесе мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылар. Үшіншісі – І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтар. Төртіншісі – жетім балалар.
Бірінші кезекте көрсетілетін қолдау – ол жалдау төлемдерін субсидиялау. Егер отбасының табысы төмен болып, пәтер жалдап тұрса, мемлекет жалдау ақысының 50 пайызына дейін өтеп береді. Қазіргі таңда бұл қолдауды шамамен 11 мың отбасы пайдаланып отыр.
– Бір сұхбатымда айтқан танымал сөзім бар: «Мемлекет сіздерді пентхауспен қамтамасыз етуге міндетті емес». Бірақ ең алдымен, отбасының өз меншігіндегі алғашқы 50 шаршы метрі болуы тиіс. Иә, менің ойымша, дәл осы жерде субсидиялау қажет. Жеңілдетілген несиелер беру керек, мұндай қолдауды да жалғастыру қажет, - деп түйіндеді Ләззат Ибрагимова.
Айта кетейік, Қазақстанда 43 мыңнан астам кәмелетке толған жетім баспана ала алмай отыр.