Мемлекет басшысы халықаралық бокс федерациясының президенті атанған Головкинді құттықтады
АСТАНА. KAZINFORM — Қасым-Жомарт Тоқаев Геннадий Головкинді World Boxing халықаралық федерациясының президенті болып сайлануымен құттықтады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
— Бұл — Геннадий Головкиннің ерен еңбегіне берілген лайықты баға. Даңқты отандасымыз олимпиадалық спорт түрі бойынша халықаралық федерацияны басқаратын Қазақстанның алғашқы өкілі атанды, — делінген құттықтауда.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Геннадий Головкин World Boxing федерациясының президенті болып сайланды.
Бүгін, 23 қарашада Италия астанасы Римде халықаралық бокс конгресі ұйымдастырылды. Шара барысында World Boxing федерациясының президенті сайлануы тиіс болды. Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті, аңызға айналған боксшы Геннадий Головкин үміткерлердің бірі ретінде таңдалды.
Осыған дейін Геннадий Головкин сайлау алдында өзінің алдағы жұмысының негізгі 4 бағытын атады.