Мемлекет басшысы Италия Президентін Республика күнінің 80 жылдығымен құттықтады

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Италия Президенті Серджо Маттарелла мен оның отандастарын ұлттық мереке — Республика күнінің 80 жылдығымен құттықтады. Бұл туралы Ақорда мәлім етті. 

Мемлекет басшысы Италия Президентін Республика күнінің 80 жылдығымен құттықтады
Фото: Ақорда

— Қасым-Жомарт Тоқаев  Президент Қазақстан мен Италия арасындағы дәстүрлі достық пен өзара түсіністікке негізделген стратегиялық серіктестіктің ерекше маңызын атап өтіп, екі елдің сан қырлы ықпалдастығы алдағы уақытта да қарқынды дами беретініне сенім білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев Серджо Маттарелланың жауапты мемлекеттік қызметіне толайым табыс, ал Италия халқына құт-береке тіледі. Сонымен қатар Мемлекет басшысы осы елдің ұлттық мерекесіне орай Италия Министрлер Кеңесінің төрағасы Джорджа Мелониге де құттықтау жеделхатын жолдады, — делінген хабарламада.

Айта кетейік, Ақорда 2-4 маусым күндері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Кипр Республикасының Президенті Никос Христодулидис Қазақстанға ресми сапармен келетінін хабарлады.