Мемлекет басшысы министрлерден өз міндетін мінсіз атқаруды талап етті
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы министрлердің жауапкершілікке салғырт қарауына қатысты сын айтты.
Президенттің сөзінше, кейбір министрлер құжаттарға қол қоюдан жалтарып, сырқаттандым деген сылтаумен немесе іссапарға кетіп қалып, шешім қабылдау жауапкершілігін өз орынбасарларына ысырып қояды.
— Бізде кейбір министрлер құжаттарға қол қоюдан бас тартады, ауырып қалады, іссапарға кетеді және түрлі сылтауларды алға тартады. Соның салдарынан өз орынбасарларын қиын жағдайда қалдырады. Мұндай жағдайда біз қалай дамимыз? Егер құқық қорғау органдары тарапынан қудалаудан қауіптенсеңіздер, онда оны ашық айту керек: кімнен және неден қауіптеніп отырғандарыңызды нақтылаңыздар. Үкіметтің қызметіне кедергі келтіріп отырғаны үшін құқық қорғау органдарының жұмысына түзету енгіземіз. Ал Үкімет қызметіне кедергі жасау — мемлекеттік маңызы бар қылмыс, — деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент министрліктердің қызметіне құқық қорғау органдарының негізсіз араласуына жол берілмейтінін атап өтті.
— Құқық қорғау органдарының ешқандай негізсіз министрліктің қызметіне араласуына жол беруге болмайды, — деді Президент.
Еске салсақ, Президент көлік саласындағы кемшіліктер үшін Марат Қарабаевқа сөгіс жариялаған еді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы елорда әкімі Жеңіс Қасымбектің жұмысына қатысты пікір білдірді.