Қазақстан кірістерді жылыстатуға қарсы күрес жөніндегі халықаралық орталық құруға қатысады

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру қауіп-қатеріне баға беретін халықаралық орталықты құру туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

қол қойды
Фото: Ақорда

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.

Сенаттың жалпы отырысы өтіп, онда сенаторлар елімізден заңсыз шығарылған қаражатты қайтаруға ықпал ететін халықаралық орталық құру туралы келісімді талқыға салатынын жазған болатынбыз.

Сенат қарайтын «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру қауіп-қатеріне баға беретін халықаралық орталықты құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды Мәжіліс осы жылдың 24 қыркүйегінде қабылдаған болатын. Сол кезде заң жобасы бойынша негізгі баяндама жасаған Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов аталған келісімге Мемлекет басшылары 2023 жылдың қазан айында қол қойғанын еске салды.

Келісім деректерді қорғау жөніндегі талаптарды сақтай отырып, ТМД-ға қатысушы елдердің қаржылық барлау бөлімшелері арасында жедел ақпарат алмасу мақсатында бірыңғай ақпараттық кеңістік пен инфрақұрылымды қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар ақшаны жылыстатудың және терроризмді қаржыландырудың алдын алу және оған қарсы күрес мақсатында халықаралық стандарттар мен ұсынымдарды әзірлеу және енгізу, қаржы мониторингі және қауіптерді бағалау саласындағы мамандарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі ережелер бар. Сондай-ақ қаржы институттары, құқық қорғау органдары және басқа да мүдделі тараптар арасындағы ынтымақтастықты нығайту да қарастырылған.

Бұған дейін Терроризмді қаржыландыру қауіптерін бағалаудың халықаралық орталығы құрылатынын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар