16:41, 28 Қыркүйек 2009 | GMT +5
Мемлекет басшысы Әзірбайжанда өтетін Түркі тілдес мемлекет басшыларының 9-шы саммитіне қатысады
АСТАНА. Қыркүйектің 28-і. Ақпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазанның 3-інде Әзірбайжан Республикасының Нахичеван қаласында Түркі тілдес мемлекеттер басшыларының 9-шы саммиті өтеді.
Оған ҚР Президенті Н. Назарбаев қатысады. Бұл туралы бүгін Астанадағы апталық брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ілияс Омаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, жоғары деңгейдегі аталмыш басқосу өзара қызығушылық тудыратын мәселелердің кең ауқымын, атап айтқанда Түркі тілдес мемлекеттердің саясат, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, көлік, туристік, энергетикалық және басқа да салалардағы ынтымақтастығын тереңдетуді талқылауға мүмкіндік береді.
«Саммит қорытындысы бойынша декларация қабылдау, сондай-ақ көпжақты және екіжақты ынтымақтастықты дамытуға және тереңдетуге бағытталған бірлескен құжаттарға қол қою жоспарланып отыр», деді І. Омаров.