Мемлекет басшысы фин кәсіпкерлерін Қазақстан экономикасына жаңа жобалармен шығуға шақырды
ХЕЛЬСИНКИ. Наурыздың 25-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Финляндияға мемлекеттік сапарының үшінші күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы елдің Кәсіпкерлер конфедерациясында болып, фин бизнесмендерін Қазақстан нарығына жаңа жобалармен шығуға ұсыныс жасады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Финляндия біздің елдің сенімді сауда және инвестициялық серіктесі бола алады. Мен финдік корпорацияларды жаңа жобалармен Қазақстандық нарыққа шығуға шақырамын», деді кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы осы орайда Қазақстан Финляндияның кәсіпкерлеріне өңдеуші кешенді, машина жасау саласын, энергетика, көлік транзиті және коммуникациялық инфрақұрылым, құрылыс, фармацевтика салаларындағы жобаларды ұсынуға дайын екенін атап көрсетті. Мемлекет басшысы сонымен қатар, Қазақстан мен Финляндия арасында агроөнеркәсіптік кешендегі ынтымақтастықты дамытудың маңызды екенін атап көрсетті. «Қазақстан Финляндияны Еуроодақтағы перспективалық сауда-экономикалық серіктес ретінде қарастырады. Саяси тұрғыдан біздің қарым-қатынастарымызды дамытып, нығайтуға барлық жағдай жасалған. Жоғары деңгейде сенімді диалог орнатылып, ынтымақтастықтың негізгі бағыттары анықталған. Екіжақты байланысты орнатуға үкіметаралық комиссия жұмыс істейді және басқа да механизмдер әрекеттеседі», деп атап көрсетті Елбасы. Сонымен қатар өз сөзінде Мемлекет басшысы, Қазақстанда шетелдік инвесторлардың жұмыс жасауына барлық жағынан қолайлы жағдай жасалғанын атап көрсетті. Фин кәсіпкерлер конфедерациясы Финляндияның іскерлік өмірінің жетекші құрылымы болып табылады. Ол өз қызметін бизнестің барлық салаларында жүзеге асырады. Мұның құрамына кіретін кәсіпорындар Финляндияның Ішкі жалпы өнімінің 70 пайыздан астамын және экспортының 95 пайыздан астамын өндіреді. Конфедерацияның 16 мың фирманы біріктіретін 36 cалалық мүше ұйымдары бар, бұларда 950 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Бұл конфедерация Еуропалық одақта және халықаралық аренада финдік компаниялардың мүддесін қорғайды. Оның негізгі міндеті елдің бизнесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жан- жақты қолдау көрсету. Қазақстанның статистика органдарының мәліметтері бойынша, 2008 жылы Қазақстан мен Финлияндия арасындағы тауар айналымының көлемі 1,1 млрд. АҚШ долларын құраған. Оның 634,1 млн. доллары экспорт, 506 млн. доллары импорт. Қазақстан Финляндияға негізінен тазартылған мыс, тазартылған мыстан алынатын катодтар, шикі мұнай, өңделмеген мырыш, антрацит, еріткіштер, астық экспорттайды. Ал, Финляндия Қазақстанға көліктер мен байланыс құралдарын, электротехникалық жабдықтар, тас пен қара металдан жасалатын бұйымдар, кәделі ағаш, сыр-бояу материалдары, қағаз бен картондар, автокрандар, құрылыс құрылғыларын, жиһаздар импорттайды. Қазақстанда Финляндияның 22 компаниясы тіркеліп, жұмыс істеуде. Олардың ішінде 5-уі бірлескен кәсіпорындар. Финляндияның телекоммуникация саласындағы жетекші компаниялары «Nokia» және «TeliaSonera» Қазақстанның коммуникациялық қызмет көрсету саласында жұмыс істейді.