12:09, 07 Маусым 2023 | GMT +5
Мемлекет кепілдік берген борыштың басқарылу тиімділігіне аудит жүргізіледі
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мемлекет кепілдік берген борыштың басқарылу тиімділігіне аудит жүргізіледі. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Наталья Годунова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бюджетті жоспарлау кезінде борышты басқаруға талдау жүргізілмейді, оларды өтеу көздері есептелмейді. Мемлекеттік борыш құрамында квазимемлекеттік сектор субъектілерінің борышы есепке алынбайды. Ал бұл – 19,7 трлн теңге», - деді Наталья Годунова.
Оның атап өтуінше, егер квазимемлекеттік сектор субъектісі борышын төлей алмаса, олар мемлекеттік бюджетке салмақ болып түседі.
«Өйткені, көптеген қарыз мемлекеттік кепілдіктермен тартылады. Біз биыл мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген борыштың басқарылу тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізуді жоспарлап отырмыз. Жобаларды және олардың іске асырылу тиімділігі тұрғысынан байқайтын боламыз. Ол жөнінде Парламентке күзде есеп береміз», -деді палата төрағасы.