Мемлекет өз күшіне арқа сүйеп өмір сүруі қажет - Н.Назарбаев
БІШКЕК. 22 тамыз. ҚазАқпарат - Мемлекет өз күшіне арқа сүйеп өмір сүруі қажет. Бұл туралы бүгін Қазақстан мен Қырғызстан Жоғары мемлекетаралық кеңесінің үшінші отырысынан кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.
Мемлекет басшысының атап өтуінше, Қырғызстанның электр энергиясын экспорттауға әлеуеті жеткілікті. Дегенмен кей жайттарда Қазақстан Қырғызстанға, ал кей мәселелерде қырғыз елі қазақ еліне тәуелді. Сондықтан да барлық мәселелерді екі ел үшін де тиімді жолмен жүзеге асыру қажет.
«Тек Қазақстан ғана сіздерден электр энергиясын вальютаға сатып алуға қабілетті екендігін түсінеміз. Бұл өзара тиімді уағдаластықты келісімде қарастырылды. Бізге энергетикалық шеңбер қажет. Кемин-Алматы электр желісін саламыз. Қазақстан жобасын жасап, салатын болады», - деді Елбасы.
Сонымен қатар, Елбасы Қазақстанның азық-түлік, жанармай, тұқымдық астық беру сынды мәселелерде қырғыз еліне көмек беріп келе жатқандығын атап өте келе: «Ел өз күшіне арқа сүйеп өмір сүруі керек. Гуманитарлық көмекпен, үнемі несиемен елді көтеру мүмкін емес», - деді.
Ол үшін жұмыс орындарын құру қажеттігіне баса назар аудартқан Мемлекет басшысы тек Қазақмыс компаниясы қырғыз жеріндегі мыс кенін игеруге 350 млн. доллар қаржы құйғандығын айтты.