Мемлекетке жемқорлардан 111 млрд теңге залал келген
АСТАНА. KAZINFORM — Жыл басынан бері жемқорлықтан бюджетке 111 млрд теңге залал келген. Бұл былтырмен салыстырғанда 2 есе көп. Шығынның 96 миллиарды қызметін асыра пайдалғандардан келсе, 2 миллиард алаяқтық жолмен жымқырылған. Қазір ұрланған қаржының 5 жарым миллиард теңгеден астамы өз еркімен қайтарылды. Бұл туралы Jibek Joly арнасының жаңалықтарында айтылды.
Кейінгі 3,5 жылда жемқорлар жол құрылысына бөлінген қаржының 9 миллиард теңгесін қалтаға басқан. Тек былтыр 5 өңірдегі сметалық құжатта 5 миллиард теңге артық көрсетілген. Салдарынан жолдардың сапасы сын көтермейді. Жаңа асфальттардың өзі бір жыл өтпей үгітіліп жатыр. Сондықтан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жол құрылысына қатысты мониторингті күшейтті. Шетелдік тәжірибеге сүйеніп, жағдайды реттеуді көздеп отыр.
— Біз қазір Мемлекет басшысының тапсырмасымен жол құрылысы кезіндегі жемқорлықты қарастырып жатырмыз. Бұл ретте Гонгонгтың тәжірибесін қолданбақпыз. Олар жобалық-сметалық құжаттаманы тексерудің, бірде бір шығын болмауының тың әдісін тапқан, - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали.
Жомқорлық еліміздің ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім салаларында да белең алып тұр. Агенттіктің мәліметінше, жыл басынан бері 800 ден астам қылмыстық іс қозғалған. 600-дей адам ұсталды.
— Сыбайлас жемқорлықпен күресудің жалғыз жолы — заңсыз байыған мемлекеттік қызметкерлерді қылмыстық жауапкершілікке тарту. Қазір олардағы мүліктің қайдан келгенін сұрасаң жеке басына қатысты мәселеге қол сұқтың деп айыпталасың. Сондықтан заңды өзгерту керек, - дейді сарапшы Дидар Смағұлов.
Қазір тиісті заң жобасы Мәжілісте қаралып жатыр. Жаңа нормаға жемқорлардың жалпыға бірдей реестірі де енгізілуі мүмкін.
— Сыбайлас жемқорлық өршіп тұр. Мемлекеттік қызметкерлер жұмысқа өз туыстарын ғана алады. Бұл тұрғыда қылмыстық жауапкершілікті күшейту аса маңызды, - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Марат Бәшімов.
Сарапшылар жемқорлықты түбегейлі жоймасақ та, азайтудың жолы — ашықтық дейді. Бірақ жемқорлардың өзі елдің дамуына кедергі жасап отырғанын түйсінбейінше жаза да, күрес те мәселені шешпейтіні анық…
Бұған дейін хабарланғандай, Премьер-Министр Олжас Бектенов Сенат депутаттарының квазимемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтерді аутсорсингке беру мүмкіндігіне қатысты сауалына жауап берген болатын.